Құрбан шалудың орнына садақа берсем бола ма?
Құрбан шалудың орнына садақа берсем бола ма?
10 жыл бұрын 11649

Қайырлы күн! Құрбандық мал соймай-ақ, Алла жолында жүрген кісілер арқылы мал құнының ақысына тең ақшалай садақа берсе бола ма және ол құрбан боп саналады ма? Нуреддинова Роза.

Алла күнімізді қайырлы етсін! Роза ханым, құрбан шалудағы ең басты шарт – малды бауыздап, қан ағызу[1]. Бұл дегеніміз –  құрбандық болып есептелуі үшін міндетті түрде айт күндері мал сойылу керек деген сөз. Малдың орнына оның ақшасын садақа етіп тарату арқылы міндетінен құтыла алмайды. Бұл пәтуа - құрбан шалуға міндетті болған бақуатты кісілерге қатысты.

Ал, сауап алғысы келген тұрмысы нашар кісінің  – өз ықтиярында. Дегенмен, жылына бір рет келетін Құрбан айт мейрамында садақа етіп бергеннен гөрі құрбандық шалғаны абзал[2]. Өйткені, құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатындығы хадистерде айтылған. Осы орайда, тұрмысы нашар кісі "осы қойды Алла үшін құрбандыққа шаламын" деп атаған болса, оны нәзір дейді, оған ол құрбанын шалуы керек болады. Және кей ғалымдарымыз кітаптарда мынадай үкім айтады: "тұрмысы нашар кісінің құрбан айтта құрбан шаламын деп, құрбандық ниетімен мал сатып алған болса, оған оны шалуы уәжіп болады" деген. Ал, ол қойды құрбандық ниетімен сатып алмаған болса немесе бұрыннан үйінде бар қой болып, оны кейіннен құрбанға шаламын деп ниет етсе де, тұрмысы нашар кісіге ол қойды союы уәжіп болмайды[3].

Тағы бір ескерер жайт, өзіңіздің орныңызға басқа бір адамды өкіл ретінде құрбаныңызды шалуы үшін тағайындай аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз.

[1] Раддуль Мухтар – 9/453 бет.
[2] Әс-Сәрәхси, Әл-Мәбсут – 12/14 бет.
[3] Имам Касани: Бәдәиъу - 6\276.

Абдусамат Қасым