«Ақиқа құрбаны» дегеніміз не?
«Ақиқа құрбаны» дегеніміз не?
11 жыл бұрын 32752

Құрбан  шалудың бірнеше  түрлері бар екен. Соның бірі,  әйелі дүниеге сәби  әкелгенде кісі  Аллаға шүкіршілік  етіп  құрбан шалады екен. Бұның шарты қалай? Ұл бала үшін екі  қой, қыз бала  үшін бір қой сойып құрбан шалу керек деп естідім. Осы туралы не дейсіздер? Алла разы болсын Сіздерге! Серік.

Құрметті Серік мырза,  жаңа туылған нәресте үшін  шалынған малды «ақиқа құрбаны» деп атайды.Нәрестенің үлпілдек шашын «ақиқа» дегендіктен, осыған байланыстырып «Ақиқа құрбаны» деп атаған.  Ақиқа құрбаны  перзент сыйлаған Алла  Тағалаға шүкіршілік  білдіру ниетімен шалынады.  Шариғаттағы үкімі – мубахтық,  яғни,  дүниеге келген нәрестесі үшін мал шалу әр ата-ананың өз еріктеріндегі ісі. Баланың туылған күнінен бастап балиғат жасына толғанға дейін ақиқа құрбандығын шалуға болады. Десе де, құрбанды жаңа туған нәрестенің жетінші күні, басындағы үлпілдек шашы алынып  ат қойыла салысымен шалу – мұстахаб, яғни ұнамды іс.[1]  Ұл, яки қыз деп бөлежармай әрқайсына бір-бір қойдан шалса жеткілікті. [2]  Ал, «ұл баласына екі қой», «қыз баласына бір қой» сойғысы келгендердің бұл ниеттері  де Алла Елшісінің сүннетіне теріс емес. [3] 

Ақиқа құрбаны ретінде шалынатын мал, екі көзі де көретін, тістерінің жартысынан көбі сау, мүйзінің бірі немесе екеуі бірдей түбінен сымбаған, яки құлағы мен құйрығының жартысынан көбі кесілмеген және көтерем дейтіндей дәрежеде арық емес болуы керек. Жаратылысынан құлағы мен құйрығы жоқ сондай-ақ өз аяғымен басып жүре алмайтындай ақсақ мал да ақиқа құрбанына жарамсыз.

Ақиқа құрбандығының етін, өзінің отбасына жегізсе де,  өзгеге таратып берсе де болады.

[1] Проф.Доктор Х.Дөндірен, Delilleriyle Islam ilimhali, бет 803.Стамбул; Қ.Бағашар: Исламдағы бала тәрбиесі – 43 бет.Алматы.; Тирмизи -1522.
[2] О.Н.Бильмен, Ғылымхал: Ақиқа құрбаны болімі.
[3] Ибн Мәжәһ-3163.

Абдусамат Қасым