Қаза ораза мен Шәууәл айының оразасын бірге ұстаса бола ма?
Қаза ораза мен Шәууәл айының оразасын бірге ұстаса бола ма?
6 жыл бұрын 50123

Ассаламуғалейкум! Шәуәл айында ұсталатан нәпіл ораза мен қазаға қалған күндерді бірге ниет етіп ұстаса бола ма? Әлде бөлек-бөлек ұстау керек пе? Рахмет. Айгүл.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен Шәууәл айындағы оразаның пайдасы жайында айтып өтер болсақ, Алла елшісі оған қатысты былай деген: «Кім Рамазан айының оразасын ұстап, оған қосымша Шәууәл айында алты күн ораза ұстайтын болса, ол бір жыл ораза ұстағанмен тең болады»[1]

Ал, енді Шәууәл айындағы нәпіл ораза мен қаза оразаны бір ниетпен ұстаса бола ма, - дегенге келсек, Ханафи ғұламасы Имам Әбу Юсуф (рахимәһулла): "Қаза ораза мен нәпіл оразаға бірдей ниет еткен жағдайда, онысы тек Қаза ораза үшін есептеледі" деген. Ал, Имам Мұхаммед (рахимәһулла) болса: "Ондайда жасаған ниеті – қазаға емес, нәпіл оразаға есеп" дейді[2].

Қалай болғанда да, қос ғұламаның тұжырымына қарап, Ханафи мәзхабы бойынша, оразаның қазасы мен «Шәууәл» айында ұсталатын нәпіл оразаны бірге ұстауға болмайтындығын анық ұғынуға болады. Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан, бөлек-бөлек ұсталуы керек.

Қайсысы бірінші ұсталуы керек?

Ендігі жерде, әуелі қазаларыңызды өтеп алып, одан кейін Шәууәлдің алты күндік оразасын ұстаймын десеңіз де, не болмаса, бірінші шәууәл оразасын ұстап, кейінірек қазаларды өтеймін десеңіз де өз еркіңіз. Ханафи мәзхабында қаза ораза өтелмей тұрып, нәпіл оразаны тұта беруге болады[3].

Тіпті, Шәуәл оразасын тұту мұстахаб амалға жататындықтан, бұл айда оны ұстамай тек қаза оразаны ғана өтеймін деген кісіге де күнә жоқ. Әріберіденсоң, кей мәзхаб ғалымдары "қаза оразаны Шәууәл айында өтейтін кісіге, нәпіл ораза ұстамаған күннің өзінде, қазасын аталмыш айда өтегендіктен Шәууәл оразасының сауабы қосымша жазылады" деген тұжырымды алға тартады[4]).

Және айта кету керек, Шәуәл айындағы алты күндік нәпіл оразаны үзбей ұстау шарт емес. Сол ай ішінде бөліп ұстауға да рұқсат. Кейбір Ханафи ғалымдары үзбей ұстағаннан бөліп ұстағанды артық көрген[5].   

Шәууәл оразасының ниеті: 

«Ниет еттім Алла ризалығы үшін Шәууәл айындағы нәпіл оразаның бірінші күнін (екінші не үшінші күнін...) ұстамаққа. ХалисалиЛләһи Тағалә».

Шәууәл оразасын 3 күн айт біткен соң ұстаймыз ба? 

Ораза айттың бірінші күні ешқандай ораза ұсталмайды. Айттың екінші күнінен бастап шәууәл айындағы алты күндік нәпіл оразаны немесе қаза оразаларды ұстай беруге болады.   


[1] Сахих Муслимде" риуаят етілген.
[2] Ибн Һумам: Фәтхуль Бәри – 2/325 бет.
[3] Әл-Мәусуғатуль Фиқһия – 28/100 бет.
[4] Шәфиғи мәзхабы ғалымдары. Фәтәуә Рамли: Китабус Саум. 194 бет; Али Жұма: әл-Бәян – 291 бет.
[5]Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 3/422 бет.

Абдусамат Қасым