Ауыз ашар дұғасы хадистерде қалай келген?
Ауыз ашар дұғасы хадистерде қалай келген?
10 жыл бұрын 51497

Ассаламуғалейкум! Ораза айында ауыз ашқанда және ауыз бекітерде қандай дұғалар оқылғаны дұрыс. Хадистерді келтіре отырып айтсаңыздар! Сырым.

Уағалейкумуссалам, Сырым!

Әбу Дәуідтің (р.а) хадистер жинағында келген риуаяттардың бірінде ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) ауызын ашқанда мына дұғаны оқитындығы айтылған:

«اللهم لك صمت، وعلى رزقك أفطرت»

«Аллаһуммә ләкә сумту, уә алә ризқикә әфтарту!»

(мағынасы: Аллаһым сенің разылығың үшін ауыз бекіттім және сенің берген несібеңмен аузымды аштым)[1]

Бұл дұғаны: «Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту уә алә ризқикә әфтарту, уә аләйкә тәуәккәлту уә ли сауми ғадин нәуәйту!» деп те оқуға болады[2]. 

Бұнымен қоса, ауыз ашарда Алла Елшісінің оқитын өзге де дұғалары болған.

Абдулла ибн Амр ибн Астың айтуы бойынша Алланың Елшісі былай дейді: «Ораза ұстаған адамның ауыз ашарда (айтатын) дұғасы бар. Ол:

  «للهم إني أسألك برحمتك التي وسعت كل شيء أن تغفر لي ذنوبي»

 

«Аллаһуммә! Инни әс’әлүкә бирахмәтик әлләти уәсиаат күллә шә’ин: Ән тағфира ли зүнүбий»

(Аллаһым! Барлық нәрсеге  төгіліп тұратын мейріміңмен сұраймын: Менің күнәларымды кеш!»)[3].

Тағы бір хадисте сахаба Абдулла бин Омар: «Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) ауыз ашқанда былай дейтін» - деп мына дұғаны келтіреді:

 «ذهب الظمأ وابتلت العروق، وثبت الأجر إن شاء الله»

  «Зәһәбәл Зама’у уәбтәлләтиль Ғуруқу уә сәбәтәл әжру ИншаАЛЛА.»

(Шөліміз қанды, құрғаған тамырларымыз дымқылданды және Алла қаласа сауапқа кенелдік!) [4]

Аталмыш дұғаларды оқу міндет емес, ұнамды іс. Сондықтан, бұл дұғалардың бірін білмеген әлдекім, өз тілінде дұға жасауына болады.  

Ал, сәресіде айтылатын арнайы бір дұға жоқ. Сәресіге тұрған адам «бисмиллә»мен асын жеуді бастап, асын аяқтағанда «әлхамдулилла» дейді. Сол күнгі оразасына іштей ниет етеді. Сәресі уақыты берекелі уақыт болғандықтан,  Алланы пәктеп, оған көптеп мадақ айтып дұға еткен абзал.

[1] Әбу Дәуід – 22-баб/2358-хадис.
[2] Мулла Алиуль Қари, «Мирқатуль Мәфатих» - 4/426 бет.
[3] Әл-Хаким, «Әл-Мүстәдрак, Китабус Саум» - 1575 .
[4] Әбу Дәуід – 22-баб/2357-хадис.

Абдусамат Қасым