«Ысқат», «Дәуір» деген не?
«Ысқат», «Дәуір» деген не?
4 жыл бұрын 15690

Ассалаумағалейкум! Менің сұрайын дегенім, адам қайтыс болса қайтқан қадамға дәуір айналдыру керек дейді. Сол шариғатта қаншалықты құпталған іс? Толығырақ түсіндіресіздер ме? Берік Ержанов.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Ысқат» (إِسْقَاطٌ) сөзі, араб тілінде «түсіру» деген мағынаны білдіретін «әсқата, йусқиту» етістігінен шыққан.

Мархұмның көзі тірісінде оқымаған намаздарының қазасын мойнынан түсіру мақсатында пидия берілетіндіктен бұл амалға – «ысқат-и салаһ» делінген. Немесе «Намаз пидиясы». 

«Дәуір» - арапша «айналу», «кейін оралу» деген мағыналарға саяды. Мархұмның қазасы көп болып, бөлінген ақша қазаларының бәрін өтеуге жетпей жатса, оның жақыны мен кедей кісілер арасында бірнеше рет садақа алыс-берісі жасалады. Яғни, пақырға берілген садақа иесіне қайтарылып, одан қайта пақырға беріп, осылайша намаз қазаларының санына жеткенше, садақа ақшасы екеуінің арасында айналып отыратындықтан, бұл амалға «дәуір айналдыру амалы» делінген.

Ысқат пен дәуірдің үкімі

Ысқат амалын орындау аят немесе хадистерде кездеспеген. Дегенмен, Ханафи ғалымдары оны мархұм үшін атқарылар жақсы амал ретінде санаған. Деректерге қарағанда, Имам Мұхаммед (рахматуллаһи алейһ) өзінің "Зиядат" атты кітабында қайтыс болған кісінің өтелмеген қаза намаздары үшін пидия беруге бола ма, деген сауалға:

أرجو أن لا بأس به إن شاء الله

«ИншаАлла, олай етудің ешқандай ағаттығы жоқ деген үміттемін», - деп жауап берген екен.

Бұл дегеніміз, ысқат амалының рұқсат екендігін білдіруімен қатар, мархұм үшін пайдасы тиеріне үміт бар деген сөз.

Өйткені, хадистерде Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болған кісінің тұтпаған оразасының әр күні үшін белгілі мөлшерде садақа беріп тұруды кеңес етеді[1]. Осыған салыстырмалы түрде "мархұмның оқымаған намаздарының қазасы үшін пидия беруге де рұқсат" деген тоқтамға келуге болады[2]. Дәуір айналдыру тәсілі де ағат саналмаған.

Ысқаттың міндет болуы

Мархұм өлерінің алдында бұрын оқымаған намаздарының өтемі үшін садақа берілуін өсиет етіп кеткен болса, өсиеті орындалуы керек. Бұл жағдайда, оның қалдырған мал-дүниесінің үштен бірі өсиетін орындауға жұмсалады.

Ал, егер, мархұм ондай өсиет қалдырмаған болса, жақындары мархұмның оқымаған намаздары мен ұстамаған оразаларының өтемі үшін пидия беру мәселесінде ерікті. Сауап үшін мұндай амалды өз еріктерімен мархұмның пайдасы үшін орындап жатса сауабы бар, ал орындамайтын болса, міндеттелмейді. 

Берілетін пидияның мөлшері

Намаз пидиясының мөлшері – пітір садақаның мөлшеріне сай. Мысалы, пітірдің көлемін 370-400 теңге деп алсақ[3], мархұмның оқылмаған намазының әрбіріне 400 теңгеден есептеп, шыққан соманы мұқтаж кісілерге таратады. (Бұл жерде көрсетілген сома пітірдің мөлшеріне сай өзгеруі мүмкін).

Жаңа айтып өткеніміздей, мархұм өсиет қалдырмаған болса, жақындары оның атынан мұндай амалды істеуге міндетті емес, бірақ өз еріктерімен Құдай ризалығы үшін мұндай амалды атқарып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Орындамайтын болса да күнәсі жоқ.   

Дәуір айналдыру

Дәуір - Ысқат амалында орындалатын жеңілдік тәсілі. Анығырақ айтқанда, мархұмның оқымаған намаздары мен тұтпаған оразалары көп болып, оның бәріне ақша жетпей жатса, дәуір айналдыру амалына жүгінеді. Мұны бір мысалмен түсіндіріп өтейік.

Мәселен, 70 жасында қайтыс болған бір мұсылманның мойнында он жылдық намазының қазасы бар делік. Алдымен бір айлық намазының пидиясын анықтап алу керек. Үтір намазбен қосқанда отыз күнде 180 намаз бар. Оны 400 теңгелік пітірдің мөлшеріне көбейткенде, бір айлық (отыз күндік) намаздарының пидиясы - 72 мың теңге болмақ (180*400=72000).

Одан кейін, он жылда қанша ай барын есептейді. Он жылда - 120 ай бар. Демек, 72 мың теңгелік намаз пидиясын 120 мәрте дәуір жасайды. Ол үшін мархұмның жақыны (мысалы, баласы) алдымен садақа ақшаны (мысалдағы 72 мың теңгені) алдын-ала келісіп алған бір кедей кісіге: «Пәленшенің ұлы түгеншенің оқымаған бір айлық намазының кәффәраты ретінде мына ақшаны ал», - деп оның қолына 72 мың теңгені тапсырады. Кедей кісі «алдым» дейді. Артынан ол «мына ақшаны саған сыйлық ретінде бердім» деп, қайта иесіне береді. Иесі болса, «алдым» дейді де, артынан қайтадан 72 мың теңгені әлгі кедейге береді, кедей кісі «алдым» дегеннен соң, оны қайта иесіне сыйлық ретінде береді, осылайша 120 рет қайталайды. (Жазбадағы ақша мөлшері мысал үшін айтылып отыр)

Намаздың ысқаты орындалып болғаннан соң, оразасының қазасын есептеп, оны да осылай дәуір жасауына болады.  

Дәуір айналдыру барысында асықпай, әрбір сөздері анық, нақты айтылып орындалу керек.

Дәуір бір кедей кісімен де, бірнеше кедей кісімен де атқарылуы мүмкін. Бірнеше кедей кісілермен орындалатын болса, олардың араларында жас бала, ақыл-есін жоғалтқан жынды, бай және өзге дін өкілі болмауы шарт.   

Дәуір айналдыру амалында кедей кісінің түсіністік білдіріп, осындай пидалыққа баруы сауап.  

Ысқаттың уақыты

Ысқат амалы мархұмның денесі жерленбей тұрып жасалғаны абзал. Әйткенмен, жерленіп болып та жасаса есептеледі[4].

Қорытынды 

Қорыта айтқанда, мархұм үшін ысқат амалын орындау ұнамды іс, бірақ міндет емес. Десе де, мархұм өлер алдында ысқат жасалуын, яғни, қаза намаздарының пидиясын беруін өсиет еткен болса, қалдырған дүниесінің үштен бірі өсиетін орындауға жұмсалады. Осы орайда, өтем үшін берілер пидия жеткіліксіз болып жатса, дәуір айналдыру тәсіліне жүгінуге рұқсат. 

Сондай-ақ, ысқат амалын орындау арқылы оқымаған намаздарынан толықтай құтылған болады деп нақты айтудан аулақпыз. Ғалымдарымыз бұған қатысты "үміт етіледі" деген сөз қолданған, яғни, мархұмның атынан берілген намаз пидиясы Алланың рахымына бөленуіне септігін тигізіп, оқымаған намаздары үшін кәффәрат болып қалар деген үміт бар.

Уәлхамдулилләһи раббиль аләмин!


[1] «Әлдекім қайтыс болып, (мойнында ұстамаған) бір айлық оразасы қалса, әр күннің орнына оның атынан (жақындары) бір міскінді тамақтандырсын». (Тирмизи: Сүнән - №718 хадис).
[2] Имам Шүрунбүләли: "Имдәд". 456 бет.
[3] Биылғы жылы (2020) пітір садақасының көлемі 370 теңге болатын. Бұл көлем белгілі азықтың бағасына орай әр жылы өзгеріп отыруы мүмкін.
[4] Ömer Nasuhi Bilmen: «Büyük İslam İlmihali» - “Iskat-ı salah”.

Абдусамат Қасым