Әйелім о баста баптист дінінде екен, некеміз не болады? Арада балалар бар.
|
Әйелім баптист дінінде екен. Некеміз не болады?
|
Баптизм — Киелі кітапқа сенетін христиан дінінің бір бағыты. Протестанттарға жатады. Олар да өзге христиан шіркеулері секілді Никей сенімін қабылдайды. Олардың басты ерекшелігі: шомылдыру рәсімін (крещение) сәби кезден емес, тек есейген адамдарға ғана жасайды. Бұл рәсім адам христиан дінін саналы түрде қабылдап, Иса Мәсіхті Құдайдың Ұлы деп ашық мойындағаннан соң және Үштік бірлік (Троица) іліміне сенгеннен кейін ғана оны суға толық батырып, дінге қабылдайды.
Ислам дінінде Кітап иелерінен, яғни, христиан мен йудей дініндегілерден қыз алуға рұқсат етілген. Бұған қатысты Құранда былай делінеді: «...Сондай-ақ, иман келтірген (мүмін) арлы әйелдермен және сендерден бұрын Кітап берілгендерден болған арлы әйелдермен — олардың мәһірлерін (сыйларын) беріп, ойнас жасамай, көңілдес ұстамай, пайымдылықпен үйленулерің сендерге адал етілді»1.
Исламда мұсылман еркек христиан әйелінің өз діни құлшылықтарын істеуге рұқсат етуі керек, тіпті кей мәзхаб ғалымдары (Мәлики) христиан әйелінің шіркеуге барып тұруына кедергі жасауына болмайды деген де пәтуа келтірген.
Қорыта айтқанда, сауалдан түсінгенім бойынша: о баста баптизм сенімінде болып үйленген әйеліңіз2 бен сіздің араңыздағы неке шариғи тұрғыда дұрыс болып есептеледі, өйткені баптистер - кітап иелері. Ол үшін айырылысуды шариғат міндеттемейді. Балаларыңыз мұсылман дініне тән. Балаларыңызды мұсылман дініне сай етіп тәрбиелеуге ден қойғаныңыз дұрыс. Тәуфиқ пен һидаят Алладан.
1Құран Кәрім: «Мәида» сүресі, 5 аят.
2 О баста христиан болып келген әйелімен жасаған некесі дұрыс, бірақ кейіннен ислам дінін қабылдап, одан соң қайта христианға өтсе, ол кезде әйел "мүртәдд" үкімін алады, ол кезде неке бұзылады. Сауалдағы жағдайда әйелі христиан болып келген және кейіннен де исламды ашық қабылдамаған. Сондықтан да, күйеуінің о баста әйелінің христиан екенін білмегені үкімді өзгертпейді, себебі о баста қиған некелері - әйелі христиан болғандықтан дұрыс саналады, сол дұрыс күйінше қала береді. Ал мысалы, егер, әйелі мысалы буддист болып үйленсе, оны күйеуінен жасырып келсе, ол кезде некелері о баста дұрыс болмаған болар еді.