Ата-анам індеттен көз жұмды. Соған өзімді кінәлап, қатты күйзелемін. Соным дұрыс па?
Ата-анам індеттен көз жұмды. Соған өзімді кінәлап, қатты күйзелемін. Соным дұрыс па?
24 күн бұрын 3043

Сәлеметсіздер ме! Біздің жақында анамыз бен әкеміз дүниеден өтті. Мынау биылғы келген жаман індеттен қайтыс болды. Қатты күйзеліске түстік. Әсіресе мен қатты күйзелістемін. Себебі мен үйдің қыздан үлкенімін. Ата-анам бұл ауру болмаса Алланың берген жасын жасар еді деп ойлаймын. Әкем 73 жасында, анам 65 жасында қайтты. Аралары 13 күн болды. Бірінші - әкем, артынан анам қайтты. «Мен» деп айтып жатқаным – оларды үйімде емдедім. Ағама айтып үйіме алғыздым. Өзім отбасымызбен енді жазылып келе жатқан шағымыз еді. Ағам мен інім «сенің үйіңде не бар, ауырдыңдар ғой» десе де қоймадым. 

Мен үнемі оларды емдедіп, қарататын жерге қаратып, барлық қолымнан келгенше жүгіретін адам едім. Анам «сен тұрғанда ештеңеге уайымдамаймын» деуші еді. Енді, міне «құтқарушылары» деген мен ештеңе жасай алмадым. Дұрыс емдетпедім. «Бәрін бүлдірген менмін» деп қатты күйзелем. Құдайдан қорқамын, бірақ көкейімде осы ой кетпейді. Екеуінің халі нашарлап, ентіге бастағаннан соң үйдегі емнен, қорқып, ауруханаға жатқызған едім. Оның аяғы бәрібір, осылай болды. Анам соңғы рет реанимацияға кіргенімде «үйіме әкет үйімде өлейін» деген еді. Ол кезде әкем дүниеден өтіп кеткен. «Жоқ анашым сіз жазылу керексіз» деп көнбедім. «Үйге шығарсақ әкемді естіп өзі әлі жазыламай жатып, одан бетер асқынып кетер» деп қорықтым. Бәрібір солай болды... "Анамның өтінішін орындау керек пе едім?" деп ойланам. Миымда 1000 сан сауал тұр, бірақ жауабы жоқ. Екеуі де ауруханада қайтыс болды...

Мен ата-анам алдындағы перзенттік парызымды дұрыс орындамаған сияқты болам да тұрамын.Үнемі ішімнен алладан және әке-шешемнен кешірім сұрап отырам. «Ықылас» пен «Фатиха» сүрелерін оқып жүрем қайда жүрсем де. Ата-анамыз ең үлкен байлығымыз екен ғой. Әттеген- ай...

Олар дүниеден қайтқасын үйге келгеннің барлығы: «былай жасау керек едің,былай емдеу керек едің, ауруханаға апармау керек едің» - деп, ойларын айтқанда, айқайлап жылағым келеді. Менің сөздерімді оқып отырсаңыздар маған көмек беріңіздерші!

(Оқырманның хаты ықшамдалып алынды).

Сәлеметсіз бе! 

Құрметті хат жолдаушы, Алла Тағала Құранда: «Ажалдары келген кезде, бір сәт болсын кешіктіре де, ертелей де ала алмақ емес»"[1], - деп ескертеді.

Сол себепті, анаңыз да, әкеңіз де дәм-тұздары таусылып, ажалы келгеннен кейін қайтыс болып отыр. Сіздің ата-анаңызды емдетуге жүгіруіңіз, бірақ оған қарамастан қайтыс болулары, сіздің кінәңізді білдірмейді. Қайта тереңірек ойлап қарасақ, ол жағдай: Құдайдан тікелей әмір келсе, ешкім араша түсе алмайтындығына мысал.

Сондықтан да, сіз қолыңыздан келгенін жасадыңыз. Өзіңіздің перзенттік міндетіңізді атқардыңыз, ол үшін сауап жазылады. Құдай риза болады. Алайда, жазмыштан озмыш жоқ - Алланың жазғаны болары хақ!

Ендеше, өзіңізді босқа кінәлауды доғарғаныңыз жөн. Ата-анаңыздың атынан Құран оқытып, шама-шарқыңызша мархұмдардың атынан садақа беріп тұрыңыз. Сауабы мархұмдарға тиіп, соларға жазылады. Қайтыс болып кетсе де, ата-анаңызға осылай жақсылық жасауға мүмкіндік бар. 

Алла жақсылығын бергей! 


[1] "Ағраф" сүресі, 34 аят

Абдусамат Қасым