Түсікке ат қойылу керек пе? Өлі туған балаға ат қойыла ма?
Түсікке ат қойылу керек пе? Өлі туған балаға ат қойыла ма?
4 ай бұрын 9750

Сәлеметсіз бе! Түсік болған балаға ат қою керек дегенді оқыдым. Ол қалай болады? Тек отбасымызда оның аты осындай болсын деп келісеміз ба?

Құрметті сауал жолдаушы, Ханафи мәзхабының кейінгі буын ғалымдарының таңдауы бойынша, түсіктің, яғни, өлі түскен шақалақтың ағзалары толық құралып, дене мүшелері қалыптасқан болса, жуылады, есімі беріледі, ақ матаға оралып, жерленеді, бірақ өлі туылғандықтан жаназа намазы оқылмайды. Бұған байланысты кей Ханафи фиқһ кітаптарында былай делінген:

«Бір шақалақ туылып, артынан қайтыс болса, жуылады, жаназасы оқылады және мұрагер болады, оның дүниесіне де мұрагер болынады әрі есімі қойылады, әрине, егер, дауыс шығарса (яғни, тірі туылғандығының белгісі болса). Ал егер дауыс шығармаса (яғни, өлі туылса), жуылады, есімі қойылады (бұл сөз ағзасы толық қалыптасқан түсікке де қатысты), артынан бір матаға оралып, жерленеді, жаназа оқылмайды»1. 

Басқа бір Ханафи фиқһ кітабында Имам Шүрунбүләли былай деп өткен: 

««Фәтх» және «әд-Дирая» кітабында айтылғандай, дене мүшелері толық қалыптаспаған түсік те, таңдалған пәтуа бойынша, жуылып, бір матаға оралады. (Оның жуылуы Кәрһидің таңдаған пәтуасына теріс, бірақ Онікі «Зәһир риуаятқа» сай). Әрідесе, есімі қойылады2 (түсіктің дене мүшелері толық қалыптаспаған болса да3)». 

Демек, осы екі пәтуа бойынша, түсіктің дене мүшелері толық қалыптасқан болса да, жартылай қалыптасқан болса да, жуылып, есімі қойылады екен, бірақ өлі туылғандықтан жаназасы оқылмайды. Жаназасы оқылу үшін шақалақ тірі туылған болуы тиіс, яғни, дүние есігін ашқан заматта дауыс шығарып немесе қимылдап, артынан қайтыс болса, жаназасы оқылады. 

Дейтұрғанмен, жоғарыда келтірілген Имам Шүрунбуләлидің (р.а.): «Онікі (әл-Кәрһидікі) Зәһуру риуаятқа сай...» - деген сөзінен, Ханафи мәзхабының іргелі-негізді пәтуасы бойынша, дәлірек айтқанда, Имам Ағзам Әбу Ханифаның (р.а.) және кейбір кітаптарға қарағанда Имам Мұхаммедтің де (р.а.) тоқтамы бойынша - іштен өлі туылған шақалақ (немесе түсік) жуылмайды, оған ат қойылмайды, жаназасы оқылмайды әрі мұрагер болмайды4. Имам Әбу Юсуф былай деген: «Мен Әбу Ханифадан өлі туылған шақалақ жайында сұрадым. Сонда Имам Ағзам: «Егер, өлі туылса, жаназасы оқылмайды, ат қойылмайды және мұрагер болмайды әрі оның дүниесіне де мұрагер болынбайды. Ал тірі туылып қайтыс болса, жуылады, кебінделеді, ат қойылады, мұрагер болады, әрі мұрагер болынады» деп жауап берді» дейді Әбу Юсуф (р.а.). Әбу Юсуфтың да сөзі осыған саяды делінеді кітаптарда5.  

Ендеше, Ханафи мәзхабының іргелі-негізді пәтуасы бойынша, дене мүшелері қалыптасқан түсікке немесе өлі туылған шақалаққа, ат қойылмаса да болады екен, бірақ жуылып, ақ матаға орап жерлейді. Ал тірі туылып, артынша қайтыс болған шақалаққа болса, ат қойылады, жуылып, кебінделіп жаназасы оқылады.

Осыдан келіп, дене мүшелері қалыптасып қалған түсікке (немесе өлі туылған балаға) ат қою шарт емес, ұнамды іс, яғни, мұстахаб, қоймаса зияны жоқ деген қорытындыға келуге болады. Түсікке (немесе өлі туылған шақалаққа) есім қоям деуші әке (не ана) бір есім таңдап, денесі жуылып, ақ матаға оралған шақалақтың құлағына «сенің есімің түгенше» деп үш рет айтып, ырымын жасаса болады. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  (وَمَنْ وُلِدَ فَمَاتَ يُغَسَّلُ وَيُصَلَّى عَلَيْهِ) وَيَرِثُ وَيُورَثُ وَيُسَمَّى (إنْ اسْتَهَلَّ) (وَإِلَّا) يَسْتَهِلُّ (غُسِّلَ وَسُمِّيَ) عِنْدَ الثَّانِي وَهُوَ الْأَصَحُّ فَيُفْتَى بِهِ عَلَى خِلَافِ ظَاهِرِ الرِّوَايَةِ إكْرَامًا لِبَنِي آدَمَ كَمَا فِي مُلْتَقَى الْبِحَارِ. وَفِي النَّهْرِ عَنْ الظَّهِيرِيَّةِ: وَإِذَا اسْتَبَانَ بَعْضُ خَلْقِهِ غُسِّلَ وَحُشِرَ هُوَ الْمُخْتَارُ (وَأُدْرِجَ فِي خِرْقَةٍ وَدُفِنَ وَلَمْ يُصَلَّ عَلَيْهِ).  (قَوْلُهُ: وَإِلَّا يَسْتَهِلُّ غُسِّلَ وَسُمِّيَ) شَمِلَ مَا تَمَّ خَلْقُهُ، (Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр»).
2  Имам Шүрунбүләли: «Имдәд». 592 бет.
3  «Хашияту әт-Тәхтауи аля Мәроқилиль Фәләх» - Жаназаның үкімдері.
4  لَوْ وُلِدَ مَيِّتًا لَمْ يُغَسَّلْ كَذَا رُوِيَ عَنْ أَبِي حَنِيفَةَ أَنَّهُ قَالَ: إذَا اسْتَهَلَّ الْمَوْلُودُ سُمِّيَ وَغُسِّلَ وَصُلِّيَ عَلَيْهِ وَوَرِثَ وَوُرِثَ عَنْهُ، وَإِذَا لَمْ يَسْتَهِلَّ لَمْ يُسَمَّ وَلَمْ يُغَسَّلْ وَلَمْ يَرِثْ. (Имам Кәсәни: «Бәдәиъуссанаиъу»).
5  Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Ъуйюнуль Мәсәил».

Абдусамат Қасым