Таң намазына келгенде сәлем намазы (мешіт ақысы) оқыла ма?
Таң намазына келгенде сәлем намазы (мешіт ақысы) оқыла ма?
10 жыл бұрын 21156

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкатуһ! Сұрайын дегенім, адам таң намазының 2 рәкәғат сүннетін үйінде оқып, парызын мешітте оқитын болса, мешітке кіргеннен кейін «сәлем намазын» оқуы керек пе? Әлде, оқымай парызды күте ме?

 Талғат.

Әссәләмуғалейкум! Таң намазы кіргеннен бастап, шыққанға дейін ешқандай нəпіл оқылмай ма?

Жомарт Тұрапбек

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Таң намазын оқымаққа мешітке келген кісі «мешіт ақысын» басқаша айтқанда, «сәлем намазын» оқымайды. Неге десеңіз, таң намазының уақыты кірісімен екі рәкәғат сүннет және екі рәкәғат парыздан басқа ешбір нәпіл намазы оқылмайды (күн шығып, арқан бойы көтерілгенше). Үкімі – мәкрүһ. Оның орнына, қамат түсірілгенше тәспі тартып немесе Құран оқып, тіпті болмаса, Аллаға алақан жайып дұға еткені жақсы.

Хадистен дәлел келтірер болсақ, сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен бір хадисте Алла елшісі былай деген:

«Таң (намазының) уақыты кірісімен тек екі рәкәғат (сүннет) намазы бар».[1]

Тирмизидің хадистер жинағында келтірілген тағы бір риуаятта:

«Осындағылар, мұнда болмағандарға жеткізсін! Таң намазының уақытынан кейін (кіргеннен соң), тек екі сәжде ғана жасалады (яғни, парыздан бөлек, екі рәкәғат сүннет намазы ғана оқылады), - делінеді[2].

«Сахих Муслим» атты хадис кітабында келтірілген хадисте Пайғамбарымыздың жұбайы Хафса (р.а.) былай деген: «Алла елшісі таң намазы уақыты кірісімен тек екі рәкәғат жеңіл намаз оқитын»[3].

Абдусамат Қасым


[1] Әбу Дәуіт - №1278 хадис.; Тирмизи - №419 хадис.
[2] Тирмизи.
[3] Сахих Муслим «Китабу салатил Мусафирин уа қасриха». №723 хадис.