Сүннет намазын оқитын кезде "қаза намазға да" ниет ету керек дейді, сол рас па?
Сүннет намазын оқитын кезде "қаза намазға да" ниет ету керек дейді, сол рас па?
9 жыл бұрын 36744

Әссәләмуғалейкум, Абдусамат аға! Қаза намазы бар адам сүннетті оқитын кезде ниетін «қаза намаз үшін де» деп жасауы керек дейді, осы дұрыс па? Себебі, парыз намаздары бар адамның, қазасын өтемейінше сүннет немесе нәпіл намаздары қабыл болмайды екен. Нәпілді немесе сүннетті оқымаса, оған азап жоқ, ал, парыз болып саналатын қазаны өтемесе, азапталады дейді. Осы жерде сұрағым келгені: Қазасы көп адам кез-келген сүннет намазды оқитын кезде «қазаға» деп ниет етсе, ол намазы сүннет намазына да, қаза намазына да жүре ме?  Бір намаз екеуінің орнын жаба ма? Ержігіт Дайрабек

Уағалейкум әссәләм! Құрметті Ержігіт, Ханафи ғұламасы Ибн Хумамның (қ.ж.х. 861ж.) «Фатхул Қадир» атты «Хидаяға»[1] жазған түсіндірмесінде былай деп кеткен:

«Парыз және нәпіл намазды біріктірген жағдайда (яғни, екеуіне бір ниет жасаған болса),  Имам Әбу Юсуфтың  (р.а.) тұжырымы бойынша, парызға бастаған болып есептеледі (нәпілі саналмайды). Ал, Имам Мұхаммед (р.а.) ондай жағдайда намазы жарамсыз деген (яғни, екеуіне де ниеті жарамайды деген)»[1].

Тағы бір Ханафи ғұламасы Қазы әс-Суғдидің (қ.ж.х. 461, м.1068 ж.) мынадай пәтуасы бар:

«Бір кісі парызға ниет етіп (бастап), артынан онысын сүннетке немесе нәпілге айналдыруға ниеттенсе, діттеген намазына (яғни, сүннетіне немесе нәпіліне) кірген болмайды. Тек, қайта «ифтитах» айтып бастап жатса, ол басқа. Сондай-ақ, кімде-кім, сүннет намазына ниет етіп бастап, кейіннен парыз намазына ниет етіп жатса, бастаған намазынан шыққан болып саналмайды әрі (екінші рет) ниет еткен намазы есепке алынбайды. Әрине, егер, қайта «ифтитах» айтып бастап жатса, ол басқа»[2].

Ендеше, оқылатын намаздың нақты қандай намаз екендігіне ниет етілген болу керек. Екі ниетпен бір намаз оқылмайтыны секілді, бір намазды оқып тұрып бірнеше намазға ниет ете алмайды. Егер, қаза намазына да, сүннет намазына да бірге ниет етілген болса, ол намаз қаза намазының орнына жүреді, онымен қосымша сүннет де оқылған болып саналмайды.


[1] "Әл-Хидаяту Шарху Бидаятиль Бүбтәди" атты ханафи мәзхаби бойынша жазылған фиқһ кітабы. Авторы - Бурхануддин Әли ибн Әби Бәкір әл-Мәрғинәни (қ.ж.х. 593ж.).
[2]Ибнул Һумам, Фатхул Қадир – 1/274 бет.
[2] Шайхул Исләм Әбу хасан Әли ибн Хусайн әс-Сағди, ән-Нутфу фил Фәтәуә. 1/57 бет.
[3] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар – 2/536 бет.

Абдусамат Қасым