Сіздің кешегі жазған жауабыңыз мына жердегі мәліметке теріс... Оған не дейсіз?
Сіздің кешегі жазған жауабыңыз мына жердегі мәліметке теріс... Оған не дейсіз?
10 жыл бұрын 6802

Ассаламуғалейкум! Кешіріңіздер, сіздің кешегі «Сүннет намазын оқитын кезде "қаза намазға да" ниет ету керек дейді, сол рас па?» деген сұраққа берген жауабыңыз, мына сайттағы мәліметке теріс: http://islamdini.kz/articles/view/1565. Кездейсоқ оқып қалдым. Алла куә, ниетім талас тудыру емес. Абылай

 

Уағалейкум әссәләм! Құрметті Абылай,  «Қазасы бар адам сүннет немесе нәпіл намаздарын оқи алмайды» деп айтқан хадис немесе аят яки сахаба пәтуасын кездестірмедік.  Сондай-ақ, бұл мәселе ханафи мәзхабының қайнар-көзі болып саналатын «Захиру риуая» атты іргелі-негізді еңбектер топтамасында да кездеспеген. Сол себепті, бұл мәселе төңірегінде ғалымдардың арасында әртүрлі тұжырымдаманың болуы заңды. Дегенмен, Ханафи мәзхабында көпшілігінің қабыл еткен пәтуасы мынадай:   

«Нәпіл намаздарды оқуға уақытын жұмсау – қаза намаздарды бірден өтеуге кедергі емес. Әрине, абзалы – нәпіл намаздарды оқудың орнына, қаза намаздарын өтеуі. Бірақ бұл (абзал болуы) – бекітілген сүннет намаздарына қатысы жоқ...»

Ал, қазасы бар адамның сүннет оқуына болмайды дейтін пәтуаны  Шафиғи мәзхабында айтылғандығы деректерде бар. Бұл мәселе өзге мәзхабтарда қалай екендігін төменде қысқаша бере кетелік:  

  1. Мәлики мәзхабында – қаза намазы бар мұсылманның нәпіл намаздарды оқуы – харам. Бірақ, таң намазының сүннеті, үтір, намаздың бекітілген сүннеттері, сәлем намазы сияқты ғибадаттарды орындауға рұқсат етілген. Қазасы бола тұра тарауих намазын орындаған кісі  намаз оқығандықтан сауап алса да, қазаны өтеуді кешіктіргені үшін күнәға батады.
  2. Шәфиғи мәзхабында – қазасы бола тұра қосымша намаздарды оқуы – харам. Мейлі, онысы бекітілген сүннет болсын, мейлі өзге нәпіл намаздары болсын үкім осы. Адам ең әуелі қазасын өтеуі тиіс.
  3.  Ханбали мәзхабында – қаза намазы бола тұра жалпы нәпіл намазын оқуы харам. Бірақ, бекітілген сүннет және үтір намаздары сияқты белгілі нәпілдерді орындауға рұқсат. Бірақ, қазасы көп адамға ең абзалы - оларды да орындамауы. Алайда, таң намазының сүннеті қалай болғанда да оқылады[2]. Ең дұрысы –Аллаға мәлім!

 [1] Абдуррахман әл-Жәузи, «әл-Фиқһу алял мәзәхибил Арбағати». 1/446 бет. «Мәбәхису Қазаи ассалати Фаитати».

Абдусамат Қасым