Шолақ шалбармен (шорты) намаз оқуға бола ма?
Шолақ шалбармен (шорты) намаз оқуға бола ма?
8 жыл бұрын 23317

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһ! Намазды үйде шортымен оқи беруге бола ма? Жомарт.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хадис кітаптарында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахаба Жәбирге былай дегендігі риуаят етіледі:

«Егер, (үстіңдегі орағыш) кең болса, киіп ал (яғни, бір шетімен белден төменгі жағын, екінші шетімен белден жоғарғы жағын жауып тұрардай ора). Ал, тар болса, тек изар етсең болады»[1]

Изар – белден төменгі жағын жауып тұратын орағыш. Әдетте изардың ұзындығы белден бастап, сирақтың жарымына дейін болатындығын ескерсек[2], бүгінде «шорты» деп аталатын шолақ шалбармен намаз оқудың ешқандай әбестігі жоқ. Тек, ұзындығы – тізеден төмен болуы тиіс. Өйткені, тізе – әурет. Әрі, дене ағзаларын тым қатты бедерлеп тұрмайтындай кең болғаны жақсы.

Әйткенмен, мешітке мүмкіндігінше шалбар киіп барғаны жөн. Неге десеңіз, Құран Кәрімде: «Уа, Адам баласы! Әрбір мешітке барарда, киімдеріңді киіп барыңдар...»[3], - делінеді. Осыған орай, мешіт әдебіне сай киініп барған абзал.


[1] Сахих Бухари: Китабу сала.
[2]  Өйткені, бір хадисте: «إزرة المسلم إلى نصف الساق - мұсылманның изары - сирақтың жарымына дейін», - делінген.
[3] Ағраф сүресі, 31 аят. 

Абдусамат Қасым