Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаз соңында таспі тартқанда қалай тартқан? Тәспімен бе, әлде саусақпен бе?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаз соңында таспі тартқанда қалай тартқан? Тәспімен бе, әлде саусақпен бе?
6 жыл бұрын 28873

Әссәләмуғалейкум! Пайғамбарымыз (с.а.с)  заманында таспих айтқанда саусақ буындарымен санаған ба? Ол заманда тәспі тастары болмаған дейді рас па? Сандыбаев Құралбай

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәспі тартқанда саусақтарымен санайтын. Бұған қатысты сахаба Абдулла ибн Ъамр:

«Мен Алла елшісінің тәспі тартқанда оң қолымен санағанын көрдім»[1], – дейді.

Басқа бір хадисте Ясәйра есімді сахаба әйел былай дейді:

«Пайғамбарымыз бізге: «Сендер тәспихты (сүбханаАллаһ), тәһлильді (лә иләһә иллаЛлаһ) және тақдисті (сүбханаллаһиль Мәликиль Қуддус сөзін) айтып жүрулерің керек. (Оларды) саусақ ұштарымен санаңдар. Шынында саусақ ұштары да қиямет күні сұралады, оларға да тіл бітеді (күәлік етеді). (Зікірді) тастап қоймаңдар. Әйтпесе, мейрімді ұмытасыңдар (сауаптан құр қаласыңдар)», – деді»[2].

Аталмыш хадистердің арабша түп нұсқасында «Ъақд- عَقدٌ» сөзі қолданған.

Бұны  санау деп аударғанымызбен, негізгі мағынасы «түйіндеу»,  «байлау» дегенге саяды. Сонда хадистің мағынасы: «саусақ ұштарын алақанға түйіп санаңдар» дегендік болмақ.

Осыдан келіп, дін мамандары "тәспі айтқанда оң қолдың саусақтарын жеке-жеке жұмып санау – «сүннет»" деп отыр. Мысалы, отыз үш рет «сүбаханаллаһ» деп айтарда оң қолдың шынашағынан бастап жұмып санайды: Шынашақ, аты жоқ, ортаңғы саусақ, сұқ саусақ және басбармақ. Қайтадан шынашақтан бастайды. Осылайша отыз үш рет. 

Демек, Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәспі тартқанда оң қолының саусақтарын жеке-жеке жұмып, тартатын болған.

Бүгінде көпшілік мұсылмандарда саусақ буындарын санау әдетке айналғандығы мәлім. Не болмаса, арнайы тәспілер арқылы санайды. Екі тәсілдің екеуі де қате емес. Пайғамбарымыздың заманында кей сахабалар жемістің сүйегімен санайтын, ал, кейбірі кішкентай тас түйіршіктерін қолданған. Тіпті, ұзын жіпке тізбектеп түйін жасап, сонымен тәспі тартатындар да болған. Мысалы, София анамыздың (р.а.) төрт мың дана жеміс сүйегімен тәспі тартып отырғанын көрген Алла елшісі қарсылық білдірмеген. Бұл жөнінде София (р.анһа) былай деп әңгімелейді: «Мен төрт мың жемістің сүйегімен Алланы ұлықтап (зікір етіп) отырғанымда ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) кіріп келді. (Қолымдағы жеміс сүйектерін көріп) Осыны қолданып Алланы зікір етіп отырсың ба? Саған, осы сүйектердің санынан да көп бір нәрсе үйретейін бе? – деп сұрады. Мен «үйретіңізші» дегенімде, Ол (с.а.у.): «Жаратылыстардың саны қанша болса, сонша Алланы пәктеймін – деп айт!», – деді.»[3].

Сондай-ақ, сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) мың мәрте түйінделген жібі болған екен. Ол (р.а.) сонымен тәспі тартатын[4].

Қалай тартсақ та маңыздысы Алланы жиі еске алып, зікір айтуымыз екендігі анық. Дегенмен, ең абзалы – саусақпен санау. Тәспі қолдануға да рұқсат. Оны да «тақрири сүннет» қатарына жатқызуға болады. 


[1] Әбу Дәуід - №1502; әл-Бәйһақи - №3027.
[2] Тирмизи - №3583 хадис.
[3] Тирмизи – 3554. 
[4] Әл-Мүбәракфури: Тухфәтуль әхуәзи (Тирмизидің шархы). №3486 хадис түсіндірмесі. 

Абдусамат Қасым