Намазға селқос қарап жүрмін, көп қаза етемін. Не істесем болады?
Намазға селқос қарап жүрмін, көп қаза етемін. Не істесем болады?
4 жыл бұрын 18251

Намаз оқығаныма 10 жылдан астам уақыт болды. Бірақ, қазір бір жылдай болып қалды, иманым әлсіреп, намазды біресе оқып, біресе оқымай жүрмін. Бір күнде бір уақыт, кейде екі уақыт, кейде үш уақыт, ал кейде бес уақыт оқимын. Келесі күні қайта оқымай қаламын. Себебін түсінбедім. Не істесем болады?   

 

Құрметті сауал жолдаушы, Алла Тағала өзінің сүйікті құлдарын мақтай келе:

  • Олар сондай – намаздарына ұқыпты[1].  
  • Олар сондай – намаздарын әрдайым оқиды[2].  

- деп сипаттаған. Ендеше, намазды барынша қаза етпеуге тырысып бағу керек. Бір себептермен қазаға қалып қойып жатса, мүмкіндік бола сала қазасын өтеп тұрыңыз.

Намазға деген селқостықты жоюға көмек берер біршама кеңесімізді бере кетуге рұқсат етіңіз.

Егер намаз оқығыңыз келмей, селқостық туындап жатса:

  1. Алланың сізге берген сансыз нығметтерін еске алыңыз. Алланың өмір бойы 24 сағат үздіксіз беріп жатқан нығметіне «он минут» намаз оқып, алғысымды білдіре алмаймын ба? – деп өз-өзіңізге сұрақ қойыңыз.
  2. Алла көріп тұр дегенді есіңізге алыңыз. Мейірімі шексіз Алланың қаһары да қатты екендігін ұмытпаңыз. Намазды әдейі оқымағаныңыз үшін оның қаһарына ұшырап қалуыңыз мүмкін екендігін ойлаңыз.
  3.  Ондайда шайтан сіздің ашық дұшпаныңыз екендігін еске алыңыз. Жалқаулық нәпсіден, ал азғыру шайтаннан екендігін еске түсіріңіз. Нәпсі де, шайтан да сізге жау. Шайтан сізге тек жамандық ойлайды. Ол не айтса да сіздің зияныңыз үшін айтады. Сізге зиян болсын дейді. Сондықтан да, намаз оқымауға қатысты әлдебір ойлар туындап жатса, мысалы: «кейін оқимын», «қазасын өтей саламын», «сүннетін оқымасам да болады, парызын оқи саламын», «әлі уақыт бар ғой, уақыт шығар шықпас сәтте оқып аламын» деген сияқты ойлар келсе, біліңіз, ол шайтаннан. Ондайда сіз оған кереғар әрекет жасаңыз. Мәселен: «кейін оқисың» деген ой келсе, сол сәтте бірден тұрып дәрет алып оқып алыңыз. Таң намазында «жата тұр» деген ой келсе, сіз керісінше «бисмиллә» деп орныңыздан атып тұрыңыз да дәретіңізді алып, уақыты кірген таң намазын оқып алыңыз. Сүннетті оқымай-ақ қояйын деген ой келсе, керісінше сүннетті оқыңыз, өйткені ол шайтанның сізге сыбыры. Шайтан сізге зиян тигізгісі келеді. Ол сіздің о дүниеде қасіретке ұшырап тозақ отында жанғаныңызды қалайды. Осындай қара ниет дұшпанның азғыруына құлақ түресіз бе, әлде о дүниеде зиян шекпеу жағын ойлайсыз ба?  
  4.  О дүниеде оқымаған намаздарыңыз үшін қатты өкінетініңізді ойлаңыз. Бақилық болып, есеп-қисап берер сәтте немқұрайлық танытып оқымай қойған немесе себепсіз жалқауланып қазаға қалдырған намаздарыңыз үшін қатты өкінетініңізді еске алыңыз. Мысалы, оқу орнында емтихан тапсырған боларсыз. Сонда, дайындалмай барған пәніңізден емтихан тапсырып жатып: «Неге дайындалмадым екен? Дайындалуға уақытым бола тұра, неге селқос қарадым? Қанша ай құр-бекерге жүрдім. Әттең, қайта тапсыруға мүмкіндік берсе ғой, күндіз-түні кітаптан бас алмай дайындалар едім» деп сан соққан кездер де болады. Міне, о дүниеде де барар жеріңіз - не тозақ, не пейіш болатындығы шешіліп жатқан тұста, оқымаған намазыңыз үшін осылай өкінетін боласыз. Неге намазды уақытында оқымадым екен? Неге жалқаулыққа салындым екен? Неге қазаға қалдырдым екен? Намаз оқуға уақытым да, мүмкіндігім де болды, онда да оқымай жүре бердім. Әттең-ай, тағы бір мүмкіндік берілсе ғой, күндіз-түні намаз оқумен болар едім» деп бармағыңызды тістейсіз. Бірақ ол кезде бәрі кеш болады.
  5. Бұл дүниенің өткінші, әрі жалған екендігін еске алыңыз. Намазды қаза етуге себеп болып жатқан кинолар, қызықты көрінген бағдарламалар, түрлі ойындар, әлеуметтік желілер -  бәрі жалған. Алдамшы нәрселер. Олардың ешқайсысы намазды қаза етуге тұрмайды.
  6. Бұл дүние – ақыреттің егістігі екендігін еске алыңыз. Намаз – егіске еккен о дүниелік азығыңыз. «Қыс қамын жаз ойла» дейді атам қазақ. Егер жазда еңбектенбей жалқауланып жүре берсеңіз, қыста азық-түліксіз аш қаласыз. Тура сол секілді, бұ дүниеде намаз оқымай, кейін оқып аламын ғой деп жүре берсеңіз, о дүниеде жер сипап қалатындығыңызды ойлаңыз. О дүниенің қамын бұ дүниеде ойлау керек.  
  7. Намаз оқымасаңыз ешкімнің, ештеңесі кетпейтінін еске алыңыз. «Намазым өзім үшін. Сорлайтын да өзім» деп ойланыңыз.
  8. Уағыз-насихаттарды жиі тыңдаңыз. 

 Алла ықыласты құлдарынан болуды жазсын!


[1] Құран Кәрім: «Маъариж» сүресі, 34 аят.
[2] Құран Кәрім: «Маъариж» сүресі, 23 аят. Бұл аятты «Намаз оқып тұрғанда артық қимыл жасамайды» деп түсіндіргендер де бар.

Абдусамат Қасым