Миғраж түні қандай намаз оқыса болады?
Миғраж түні қандай намаз оқыса болады?
7 жыл бұрын 55919

Миғраж түнiнде қандай намаз оқылады? Үйде оқимын ба, әлде мешітке барып, намаз оқимын ба? Гүлнар

Қадірменді Гүлнар, миғраж түні қандайда бір құлшылық түрін орындау мәселесіне қатысты әлдебір «сахих хадис» келтірілмеген. Ал, оған байланысты айтылған хадистердің біршамасы «мүнкәр хадис» үкімінде болса, біршамасы «тым әлсіз». Сол себепті, осы түнді құлшылыққа арнауды бірсыпыра мұсылмандар «бидғат» яғни, «дінде жоқ нәрсе» деп санайтыны жасырын емес.

Әйткенмен, әлсіз хадистермен «фазаилу аъмәлда», яғни, харам не халал мәселелерде емес, сауапты мұстахаб істерде амал етуге рұқсат дейтін ғұламаларға сүйене айтар болсақ, миғраж түні он екі рәкәғаттан тұратын нәпіл намазын оқуға болады деуге негіз бар. Хадисші Имам Бәйһақидың «Шуъабуль Иман» атты кітабында сахаба Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) мынадай әлсіз риуат келтіріледі:

«Ережеп айында бір түн бар. Ол түні амал етушіге жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады. Ол - Ережеп айының бітуіне үш күн қалғанда. Кімде-кім сол түні он екі рәкәғат оқып, әр рәкәғатында фатиха сүресімен қоса Құраннан қосымша бір сүре оқыса (білетін сүресін) және әр екі рәкәғатта "тәшәһһуд" дұғасын оқып, соңында сәлем беріп тұрса (яғни, он екі рәкәғатты екі рәкәғаттан бөліп оқыса) және намаздан кейін: жүз мәрте «сүбханалЛаһ, уәлхамдулиллаһ уә лә иләһә иллалЛаһу уалЛаһу әкбәр» десе, жүз мәрте «астағфируллаһ» десе және жүз мәрте Пайғамбарымызға салауат айтып, одан соң өзі үшін дүние-ақыретіне қатысты қалаған нәрсесін тілеген жағдайда, күндізі оразамен өтсе, Алла Тағала оның тілеген нәрсесінің бәрін қабыл етеді. Бірақ, күнә істерді тілеуі басқа (күнә істерді тілесе, ондай тілектері қабыл болмайды)»[1].

Демек, бұл түнді құр өткізгісі келмеген мұсылман түнде тұрып үйінде он екі рәкәғат нәпіл намазын оқиды. Оның оқылу тәртібі төмендегідей:

  1. Ниет. Он екі рәкәғат нәпіл намаз оқитындығына ниет етеді.
  2. Он екі рәкәғаттың әр екі рәкәғатын сәлеммен аяқтап, осылайша екі рәкәғаттан бөліп оқиды.
  3. Әр екі рәкағаттың біріншісін әдеттегідей «сәнә», «әғузу» «бисмилламен» бастап, одан соң, фатиха мен білетін зам сүресін оқиды. Екінші рәкәғатында тек «бисмилланы» айтып, фатиха және зам сүре оқылады.
  4. Кез-келген білетін сүресін оқи алады.  
  5. Он екі рәкәғатты оқып болғаннан соң қолына тәспихын алып:
  6. Жүз рет «сүбханалЛаһ, уәлхамдулиллаһ уә лә иләһә иллалЛаһу уалЛаһу әкбәр»
  7. Жүз рет «астағфируллаһ»
  8. Және жүз рет «Аллаһумма салли аля сайидинә Мұхаммед» (не басқа білетін салауатты) деп САЛАУАТ айтады да, қолын жайып, Аллаға дұға етеді.
  9. Дұғасында дүние-ақыретіне керекті қалаған нәрсесін Алладан сұраса болады.  
  10. Одан бөлек, қосымша Құран оқып, қаза намаздарын өтесе де артықтық етпейді.

Алла Тағала осы түні жасайтын құлшылықтарыңызды кем-кетігімен қабыл етіп, аталмыш хадисте айтылғандай жүз жылдық құлшылықтың сауабын жазғай! 

Абдусамат Қасым 


[1] Мәжмуғатун мин Расаил Алиюль Қари: «әл-Әдәб фи Ражаб». 1/97 бет.