Жұма намазында жамағат симай имамның алдына шығып кетіп жататын кездер болады. Намаз санала ма?
Жұма намазында жамағат симай имамның алдына шығып кетіп жататын кездер болады. Намаз санала ма?
2 жыл бұрын 3189

Ассалаумағалайкум! Кейбір мешіттердің ішіне сыймаған жамағат далаға оқиды. Сол уақытта мешіт сыртында тұрған жамағат мәжбүрлі түрде іште тұрған имамның алдына шығып кетіп жатады. Бұл жерде намаз бұзылады ма ? Өтініш жауабын берсеңіздер! Қайсар.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы! Мәліметтерге қарағанда аталмыш мәселеге қатысты мәзхаб имамдарынан әртүрлі пәтуа жеткен. Оларды қысқаша айтқанда:

1) Ханафи мәзхабы бойынша, намаздағы жамағат имамның алдына шығып кетсе, олардың намаздары бұзылады[1]. Бұл Шәфиғи және Ханбали мәзхабында да солай. Ондай кезде, алдына шығып кеткен кісі екі жаққа сәлем беріп намаздан шығып, артқы саптан орын алып қайта ұйыды.  

2) Мәлики мәзхабында зәру жағдайларда имамның алдына шығып кеткен жамағаттың намазы дұрыс. Зәру емес кезде мәкруһ, бірақ намаз бұзылмайды[2].

3) Ханбали мәзхабында Имам Ахмедтен жеткен екі риуаяттың бірінде, тек үзір жағдайда ғана намаз дұрыс (мысалы, мешіт тар болып, орын болмай жатса), ал жай кезде имамның алдына шығып кеткен кісінің намазы саналмайды.

4) Шәфиғи мәзхабында да имамның алдына шығып кеткен кісілердің намазы саналмайды, бірақ Шәфиғи ғалымдарының бірі Имам Асқаланидің: «Асылында имамның ұюшы жамағаттың алдында тұруы негіз. Бірақ, намаз оқитын жер тар болып (жамағат имамның алдына шығып кетіп жатса), ол басқа...»[3] - деген тұжырым білдірген.

Ендеше, Ханафи мәзхабын ұстанатын жамағаттың имамның алдына шығып кетпеу жөніне мән бергендері дұрыс. Әйтсе де, сондай бір орынға тап болып, артқа шыға алмай тығырыққа тірелген мұсылман, зәру жағдайда рұқсат санайтын мәзхаб ғалымдарының пәтуасын негізге алса да күнәсі болмас, алайда артынан (яғни, жұма намазынан кейін) өз бетінше бесіннің парызын оқып алғаны абзал. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Сарахси: «әл-Мәбсут».
[2] «әш-Шархуль Кәбир». Хашияту әд-Дусуқи.
[3] Имам Хажар әл-Асқалани: «Фәтхуль Бәри шарху Сахихиль Бұхари». №651 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым