Жамағат қанша адамнан тұрады?
Жамағат қанша адамнан тұрады?
10 жыл бұрын 20560

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Бір сәләф жолында жүрмін деуші бауырым: «Жалғыз адам да жамағат боп саналады» дейді. Негізі жамағат деп есептелу үшін имамнан басқа тағы бір адам ұюшы болуы керек емес пе, немесе екі адам? Әлде қалай? Дәлелдеп жазып бересіз бе? Алла разы болсын. Kala Xanafi Mazxabi

Уағалейкумсалам уа рахматуллаһи уа бәрәкәтуһ!

Негізінде намазда имамнан бөлек тағы бір адам болса, ол екеуі жамағат болып есептеледі. Мейлі әйел болсын, мейлі оңды-солын танып қалған жас бала болсын, әйтеуір имамның артына тұрып намаз оқыса, жамағат болып саналады[1].

Бұған дәлел келтірер болсақ, Сахих Бухари атты хадис кітабындағы «Екі не одан да көп адам - жамағат» атты тақырыпта келтірілген бір риуаятта, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) жолға шығып бара жатқан екі сахабаға: «Намаз уақыты кіргенде азан айтып, қамат түсіріңдер және екеуіңнен кім үлкен, сол имамдыққа шықсын»[2], - деп тапсырады.

Сондай-ақ Ибн Мәжәның хадис кітабында да: «Екі және одан да көп адам жамағат болып саналады[3]», деген риуаят бар.

[1] Әл Кәсәни, Бадаиғ – 1/665 бет. Бейрут-Ливан.
[2] Сахих Бухари – Бәбу Иснән фәмә фәуқаһүмә жәмәға - №627 (Фатхул Бәри)
[3] Ибн Мәжә – 1/213 бет/ 972 хадис

Абдусамат Қасым