Зәрі тоқтамайтын кісіге әр намазда іш дәрет алып тұру керек пе?
Зәрі тоқтамайтын кісіге әр намазда іш дәрет алып тұру керек пе?
10 ай бұрын 3333

Үлкен адамға әр намазға толық дәрет алу қиын болып тұр ғой. Нақтырақ айтқанда, астын қайта-қайта жуу қиын. Бұған дінімізде бір жеңілдік бар ма? Рақмет.

 

Әлхамдулиллә. Уәссаләту уәссәләму аля Расулиллә.

Құрметті сауал жолдаушы, ескілікті Ханафи фиқһ кітаптарында «Истихаза қаны үшін әр намазда іш дәрет алуы міндет емес» деген үкім келтірілген1. (Истихаза қаны - әйелдерде болатын үзір қаны). Оның себебін басқа Ханафи ғалымы: «Өйткені, ол жағдайда қанның нәжіс үкімі өз күшін жояды» деп түсіндірме береді. Яғни, үзір қаны болғандықтан истихаза қаны нәжіс емес, сол себепті әр намазда астын жууы шарт емес деп отыр.

Истихаза үзіріне зәр тоқтамау үзірін де ұқсатуға болады. Сондықтан да, зәрі тоқтамайтын кісі әр уақтылы намазда іш дәретін алып отыруы шарт емес, сырт дәретін алып отырса жеткілікті. Әрідесе, үзірден былғанған киімін де әр намазда ауыстырып тұруы шарт емес2. Алла Тағала пендесіне жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1«Фәтәуә әл-Һиндия», 1/85 бет.
2Абдулғани әл-Мәйдани әл-Ханафи: «әл-Лүбәб». Бәбуль Хайз.

Абдусамат Қасым