Етігіме мәсіх тартсам бола ма?
Етігіме мәсіх тартсам бола ма?
10 жыл бұрын 37379

Жұмысқа байланысты намаздарым көп қаза болып жүр. Дәрет алу және әріптестерімнің арасында отыруым басты себеп. Намазды қаза қылғым келмейді. Кешке жұмыстан шаршағаным сонша, намаз үстінде қателесе берем. Сұрайын дегенім, таң ертен дәрет алып, кейінгі дәреттерде етікке мәсіх тартсам болады ма? Гүлсара Шалқар.

Құрметті Гүлсара, күнделікті киіп жүрген етіктеріміздің көпшілігі мәсінің талаптарына сай келеді. Дәлірек айтқанда, тобыққа дейін аяқты жауып тұрады, шамамен 5 км-ден артық жерге жүруге жарайды және (үш саусақтың көлемінен көп) жыртық емес.

Ескі Ханафи фиқһ кітаптарында да етікке ұқсас кейбір аяқ киімдерге мәсих тартуға болатындығы айтылып өтеді. Мәселен,  кітаптарда «Зәрбүл» деп аталатын өкшелі етікке мәсих тартуға болатындығы тілге тиек етілген, тек бауы байланған болуы керек, әрі бауы байланған жерінен ең кемі үш саусақтың көлеміндей ашылып тұрмаған болуы тиіс. Сондай-ақ, «Жәруқ» атты үстінгі жағында бауы немесе түймелері бар, тобықты жауып тұратын бәтінке тәріздес аяқ киімге де мәсих тартуға рұқсат екендігі айтылған[1].

Сол себепті де, сіздің жағдайда етігіңізге мәсих тартуыңызға болады деуге негіз бар.

Тек мына төрт нәрсені естен шығармау керек: 

Біріншіден – етік толық дәретпен киілген болуы тиіс. Өйткені, дәрет жоқ кезде (аяқ жуылмай) киілген етікке мәсіх тартылмайды. Немесе етікті киерде алдымен аяқты жуып киіп, одан соң дәрет бұзылатын жағдайлардың бірі орын алмай тұрып: бет, қол жуылып, басқа мәсих тартып дәретті толық алып үлгеру керек.

Екіншіден – киілген етікті шешпеген болуыңыз тиіс. Себебі, алынған дәрет бұзылғаннан соң аяқтағы етігіңіз шешілсе, аяқ қайта жуылуы тиіс. 

Үшіншіден – етік нәжістен таза болуы ләзім. Өйткені етікте нәжіс болса, онымен намаз оқылмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «...Қайсы біреуің мешітке келсеңдер, аяқ киімдеріңе мұқият қараңдар. Нәжіс көрсеңдер, сүртіп, тазалап барып намаз оқыңдар», - деген. (Әбу Дәуід).

Төртіншісі – етіктің бауы болса бауы байланып, замогы болса замогы тағылып тұрған болуы керек. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] Ибн Ғабидин Мұхаммед Әмин ибн Омар: «Раддуль Мұхтар». 1 том. 437 бет. «Дару Алимиль Кутуб». Рияд-Сауд Арабия. 2003 ж.

Абдусамат Қасым