Дәреттен бір сағаттан соң мәсі кисем, қалай болады?
Дәреттен бір сағаттан соң мәсі кисем, қалай болады?
10 жыл бұрын 11715

Әссәләмуғалейкум! Сiздерден сұрайын дегенiм, егер дәрет алып аяғымды жусам, бірақ мәсіні 1 сағаттан кейiн кисем, сол мәсіге мәсиx тартылады ма? Әлде басынан дәрет алып аяғымды жууым керек пе? Абылайхан.

Уағалейкумуссалам! Абылайхан, мәсі киген (жолаушы емес) адам жиырма төрт сағат бойы шешпестен мәсих тарта алады. Бұл уақыт алған дәретінің бұзылған сәтінен басталады. Мысалы, таң намаздағы дәретте аяқ жуып, мәсі киген кісінің осы дәреті  күн шыққаннан кейін бұзылған болса, мәсінің уақыты сол сәттен басталады, таң намазындағы дәреттен емес.  

Бұл дегеніміз,  алған дәреті бұзылғанға дейінмәсіні киюіне болады деген сөз. Мысалы, таң намазына дәрет алып аяқ жуған кісі, күн шыққаннан кейін сол дәреті бұзылмаған болса, мәсі киюіне рұқсат, жаңадан аяғын жуудың қажеті жоқ[1].

Ал, дәреті мәсі кимей тұрып бұзылған болса, ол жағдайда дәретін қайта алып аяқты жуып барып мәсіні киюі қажет.

Ендеше, сіздің сұрағыңыз бойынша, дәрет алып аяқ жуып болғаннан кейін бір сағат көлемінде дәрет бұзылмаса, мәсі киюге рұқсат.

[1]Әл-Бухари, әл-Мухит – 1/176 бет.

Абдусамат Қасым