Бетіме су тигізуге болмайды, дәрет алғанда не істеуім керек?
Бетіме су тигізуге болмайды, дәрет алғанда не істеуім керек?
10 жыл бұрын 7326

Сәлеметсіз бе? Ем қабылдап жүрген едім. Сол себепті, алты  күнге дейін бетіме де, шашыма да мүлдем су тигізуге болмайды. Мұндай жағдайда дәрет алудың баска жолдары бар ма? Немесе бетіме су тигізбей дәрет ала берсем бола ма? Қандай жеңілдіктер бар? Бәлхия Балтабаева.

Сәлеметсіз бе! Бәлхия, шариғат бойынша жарақат, жара немесе сыныққа су тигізу зиян болып жатса, дененің әлгі  жеріне мәсих тартылады (сипайды) да сау жерлері жуылады.

Ал, егер мәсих тарту да залалын тигізсе, таңғышпен таңып, үстінен мәсіх тарту, яғни сипалау жеткілікті. Таңғыш үстіне мәсіх тартар кезде, тура жара орнына мәсих тартып, мүмкіндік болса, таңғышты шешіп қалған сау жерлерін жуған жөн. Шешуге мүмкіндік болмаса, үстінен мәсіх тарта береді[1].  

Бұл жағдайларда «мәсих тарту жеткілікті» дегенге дәлел келтірер болсақ, Әбу Дәуідте келген бір риуаятта, сахаба Жәбір былай дейді:

  • «Біз жолда едік. Арамызда тас тиіп, басы жарылған кісі бар еді. Ол жүнүп болып қалып, бізден: «Мен (шомылмай) тек тәйәммум алсам, жеткілікті ме, қалай ойлайсыңдар?, – деп сұрады. Біз оған: «Жоқ. Өйткені, сенде сумен шомылу мүмкіншілігі бар», – деп жауап берген едік. Осыдан кейін, әлгі кісі шомылғандықтан қайтыс болып кетті. Біз келгеннен кейін, мән-жайдан хабардар болған Алла Елшісі: «Олар оны өлтірген екен. Оларды Алла өлтірсін! Білмейтін болса сұрап алмайды ма?! Сөзсіз надандықтың емі – сұрап білу. Оған тәйәммум соғып алып, жарақатына таңғыш таңып, сол таңғышқа мәсіх тартып, қалған жерлерін жуса, жеткілікті еді»,[2] – деп кейіді.

Сіздің жағдайыңызда не істеген дұрыс?

Имам Ағзам Әбу Ханифадан келген бір пәтуа бойынша, егер мәсіх тарту да зиян тигізсе, ол жерге мәсіх те тартпайды делінген.  Сондықтан, бетіңізге мәсих тарту да зиянды болса, бетіңізге мәсіх тартпай, сол күйінше қалдырып, қалған жуылуы керек ағзаларды жуасыз.   

Ал, енді шашыңызға су тигізбеу жайында айтар болсақ, ғұсыл немесе дәрет алу барысында бастың ең кемі үш саусақ көлеміндей кез келген (шүйде, самай, төбе шашы) сау жері болса, онда сол жерге мәсіх тартылуы тиіс[3]. Ал, егер бастың ешбір жеріне дымқылдық тигізбеу керек болса, ондай жағдайда басқа мәсих тартылмайды. Имам Азғам Әбу Ханифаның мынадай бір сөзі кітаптарда келтірілген: «Жәбираның үстінен мәсіх тартудың өзі зиян болғандықтан мәсіх тартпаса, онысы саналады»[4].


[1]Әл-Биная – 1/613 бет.
[2]Әбу Дәуід, бәбу филь Мәжрух – №336 хадис.
[3] Имам Аләуддин әл-Кәсәни: «Бәдаиъус Санаиъ» – 1 том. 151 бет.
[4] Имам Аләуддин әл-Кәсәни: «Бәдаиъус Санаиъ» – 1 том. 151 бет.

Абдусамат Қасым