Ассаламу алейкум! Сұрағым: рулас бір туысым йегова куәгерлігіне кіріп кетіпті, енді жеңешемді үкіттеп жатыр екен. Жеңешем намаз оқиды, араларында үш бала бар. Неке не болады деп сұрап жатыр. С.
Мұсылман әйелдің күйеуі басқа дінге кіріп кеткен болса, арадағы неке бұзыла ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Мұсылман болып, кейін басқа дінге өткен адамды «мүртәд» дейді. Сондай-ақ, Ислам негіздерінің бірін жоққа шығарса, дінге тіл тигізсе т.б. діннен шығарар істерге барған мұсылман да мүртәд атанады. Мүртәдтің жазасы шариғатта ауыр. Дінін сатқанмен пара-пар. Мүртәдтің бүкіл жасаған ақыреттік амалдары жойылады, ал оның бұл дүниедегі жазасы, егер тәубеге келмесе, қазы тарапынан өлім жазасына кесіледі. Әйел діннен қайтқан жағдайда, тәубеге келгенше қамалады.
Ендігі жерде, мұсылман ерлі-зайыптылардың екеуінің біреуі мүртәд болған жағдайда, арадағы некелері бұзылып, екеуі ажыратылады. Мысалы, мұсылман әйелдің күйеуі басқа дінге өтсе немесе дін негіздерінің бірін өтіріксінсе, дін Исламға тіл тигізсе т.б. сол сияқты күпірлік әрекеттер себепті діннен шықса, некесі сол мезетте бұзылады. Бұл - Ханафи мәзхабы бойынша[1].
(Ал, Шафиғи мәзхабында, күйеуі мүртәд болған жағдайда, үш хайыз уақыты өткенше неке бұзылмайды, егер сол уақыт ішінде күйеуі тәубеге келген болса некелері қайта заңды күшін алады, неке жаңартудың қажеті жоқ, әрине, егер араларында қатынас жүзеге асқан болса. Ал некеден кейін қатынас жүзеге аспай тұрып күйеуі мүртәд болған жағдайда, бірден некелері фәсх болып, бұзылады)[2].
Сондықтан да, сіздің рулас туысыңыздың христиан дініне өтуі себепті, әйелі мен оның арасындағы некелері бұзылып, ерлі-зайыптылық байланыстары үзіледі. Балалары мұсылман анасының қамқорында қалады әрі мұсылман саналады. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйрін тапқан соң» демекші, егеряки, күйеуі қателігін түсініп, мұсылманшылыққа оралып жатса, қайтадан неке жаңартып, қайта бас қосуларына болады. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!
[1] Абдуррахман әл-Жәзири: «әл-Фиқһу аләль Мәзәһибиль арбаъати». 4/198.
[2] Имам Сәрахси: "әл-Мәбсут". 5/49 бет.