Әйеліме «қысқа етек кисең, талақсың» дедім. Енді, не істеймін?
Әйеліме «қысқа етек кисең, талақсың» дедім. Енді, не істеймін?
9 жыл бұрын 5889

-Әйеліме «қысқа етек кисең, талақсың» дедім. Енді, не істеймін?

- Болашақтағы бір істің жүзеге асуына байланыстырылып айтылған талақты «муғалләқ талақ» дейміз. Мысалы, «пәлен адаммен сөйлессең, талақсың» дегені сияқты.

Бұның үкіміне қатысты Ислам ғұламалары екі түрлі пікір баян еткен:

  • Бірінші топтағы ғалымдардың тұжырымдамалары бойынша, «муғалләқ талақтағы» іс орындалған жағдайда талақ та жүзеге асады;
  • Екінші топтағы ғалымдарға қарағанда, ондай кезде адамның ниетіне қараймыз: ниеті және көздеген мақсаты талақ ету болса – талақ. Ниеті ол нәрседен тыю болса, талақ емес, бірақ, муғалләқ талақтағы іс жүзеге асқан жағдайда «анттың кәффәратын» өтейді[1].

Ендеше, ниетіңіз «қысқа етек» киюден тыю болса, оныңыз талаққа жатпайды. Алайда, әйеліңіз қысқа етек киген жағдайда анттың кәффәратын өтеу керексіз.

Анттың кәффәраты - он міскінді тамақтандыру немесе киіндіру яки бір құл азат ету. Бұл - ауқатты адамдардың кәффәраты. Ал, бұған шамасы келмейтін, жағдайы төмен кісілер үш күн қатарынан ораза ұстауы тиіс[2].

Осы орайда, мынаны да айта кеткеніміз жөн:

  • Біріншіден, әйел адамның көшеде және бөтен еркектердің алдында қысқа етекпен жүруі - шариғатымызда күнә. Мұндай киім үлгісі тозаққа кіруге себеп болуы мүмкін. Неге десеңіз, бір сахих хадисте былай делінеді: «Бұрын-соңды көрмеген, тозақтық екі топ бар. Бірі – сиырдың құйрығына ұқсаған қамшымен адамдарды сабайтын топ. Екіншісі – үстерінде киімдері бар, бірақ жалаңаш, күнәға бейім әрі өзгелерді де күнәға шақыратын, бастары түйенің салбыраңқы өркешіне ұқсаған әйелдер. Міне, осы әйелдер жәннатқа кірмейді. Тіпті, мынанша ұзақтықтан сезілетін пейіштің иісін де иіскемейді»[3]. Оның үстіне, қысқа етек кию қазақ  дәстүріне де сай емес.
  • Екіншіден, әйел кісі дінімізге теріс келмейтін және ақылға қонымды нәрселерде еріне бағынуы тиіс. Пайғамбарымыз айтады: «Күйеуі разы болған күйі о дүниеге аттанған әйел пейішке кіреді», - деп[4].
  • Үшіншіден, ер адамның жөнсіз жерде «талақ» сөзін қолдануы - мәкрүһ[5]. Хадисте: ««Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы ол – талақ»[6], – делінген. Арада туындаған келіспеушілікті байыппен, ақылға салып, насихат айта отырып шешкен абзал.

[1] Проф. Доктор Уахбату Зухайли (р.а.): «әл-Фәтәуа», 181 бет. «Әл-Фиқһул Исләми уә әдилләтуһу», 9/6971 бет.
[2] Бақара сүресі, 225 аят.; 
[3]Муслим – 2128. 
[4]Тирмизи риуаят еткен. Хадис хасан-ғариб.
[5]  Сондықтан да болар, кей ғалымдарымыз ажырасудың өзін  жағдайына қарай уәжіп (ажырасуға міндетті), мәндуб (өз еркі) және харам (ажырасуға тыйым салынады) деп бөлген. Абдур Рахман әл-Хәлләф, Әхкәмуль әхуәлиш шахсия – 143 бет.
[6] Әбә Дәуід, Китабут Талақ – №2178 хадис.

Абдусамат Қасым