Зинадан туған баланың тегі кімге тән?
Зинадан туған баланың тегі кімге тән?
4 жыл бұрын 28944

Сәлеметсіз бе! Некесіз біреуден көтеріп қалса және жігіт те ол баланы мойындамаса, оның тегі сол жігітке жазыла ма?

Сәлеметсіз бе!

Шариғатта зинадан туған баланың тегі анасына тән. Зина жасаған еркек оның биологиялық әкесі саналғанымен, шариғат заңы тұрғысынан әкесі ретінде есептелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Бала – төсектің иесіне тән (яғни,әйелдің күйеуіне тән). Зинашыға болса, тас боран етілу бар». (Яғни, зинашыға бала тән етілмейді деген сөз)[1].

Зинадан туған баланың нәпақасы анасының мойнында. Нәпақасын тауып беруге анасының шамасы жетпей жатса, анасының туыстары көмек қолын созулары тиіс, болмаса оның нәпақасы «бәйтуль мәлдан», яғни, мемлекеттік қазынадан қамтамасыз етіледі[2].

Сондықтан да, сауалдағы мәселеде, егер, қыздың жігіті бала одан екендігін мойындамай, үйленуден бас тартып жатса, анасы баланың тегін өзіне (яғни, өзінің тегіне) жаздыруына құқылы. 

Осы тұрғыда, тақырыпқа байланысты мына үкімдерді де мәлімет ретінде бере кетелік:

1. Зинадан туған баланың тегі, егер анасы тұрмыстағы әйел болса, бала әйелдің күйеуіне тән етіледі. Бұл бір шетінен - баланың ар-намысын және кейіннен «тексіз» деген атқа қалмауын қамтамасыз ету болмақ. Әйелдің күйеуі бұны қаламаса «лиъан», яғни, қазының алдында лағынеттесу жолымен баладан бас тартуына құқылы, бірақ олай болған жағдайда неке де бұзылады. Осы тұрғыда, баланың биологиялық әкесі, яғни, зина жасаған еркек, «лиъан» жолына жүгінген әйелдің күйеуі өлгенше ол баланың өзінен екендігін көлденең тарта алмайды. Өйткені, әйелдің күйеуі райынан қайтып, баланың тегін өзіне тән етуі мүмкін.

2. Басы бос әйел зинадан бала тапқан жағдайда, баланың биологиялық әкесі: «бұл менің балам» - деп, "зина сөзін" араластырмай айтса, баланың тегі оған тән етіліп, ол заңды түрде әкесі саналады. Бірақ егер «бұл менің зинадан туылған балам» деп, «зина» сөзін араластырып айтар болса, бала оған тән етілмейді.   

3. Бір әйел зина жасап, артынан сол зина жасасқан адамымен үйленсе немесе басқамен үйленсе, алайда неке қиылған күннен бастап алты ай өтпей жатып босанса, ол баланың тегі күйеуіне тән болмайды (өйткені көтерудің ең аз уақыты - алты ай). Бірақ, некелескен күйеуі «зина» сөзін араластырмай: «Бұл менің балам» деп айтар болса, онда баланың тегі соған тән етіліп, арада мұрагерлік құқы туындайды[3].

4. Зинадан туған баланың биологиялық әкесі белгілі болса, арада «құдандалық туыстық» туындап, ол (бала) оның қыздарымен немесе немерелерімен болашақта үйлене алмайды. Сондай-ақ, баланың анасы да, яғни, зина жасаған әйел де, ол еркектің әкесімен немесе балаларымен ешқашан үйлене алмақ емес. Тура сол сияқты, зина жасаған еркек те әйелдің анасымен және басқа еркектен болған қыздарымен, немерелерімен үйлене алмайды.


[1] Бұхари, Мүслім. Айша анамыздан риуаят етілген.
[2] Мустафа Зарқа: «Фәтәуа». 297 бет. «Дәруль Қалам». Дамаск-Сирия, 2001 жыл.
[3] Ömer Nasuhi Bilmen: «hukuki islamiyye ve istilahati fikhiyye» - Нәсәб. 

Абдусамат Қасым