Харам табыс табатын туысым қонаққа шақырса, баруға бола ма?
Харам табыс табатын туысым қонаққа шақырса, баруға бола ма?
1 ай бұрын 1254

Харам табысы да, адал табысы да бар болса, яғни, туысыңыздың адал табысы мен арам табысы аралас болса, қонаққа шақырған кезде баруға және ұсынған асын жеуге болады. Өйткені, асы адал табыстан алынған болуы мүмкін. Алайда дәл харам табыстан ас алып бергенін көріп тұрсаңыз, оны жеуге болмайды. Мысалы, құмардан ақша ұтып алды делік, сол ақшадан сізге ас ұсынса, жеуге болмайды, өйткені дәл арам ақшадан алып беріп жатқанын біліп тұрсыз. Ал арам, не, адал табысынан алып беріп жатқаны белгісіз болса, жеуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін, айғақтар келтіре кетелік. Бұған қатысты Имам Мұхаммед (рахимаһуллаһ) ұстазы Әбу Ханифадан (радияллаһу анһ) жеткен мына бір риуаятты келтіреді:

«Әбу Ханифа бізге хабар берді. Ол (Әбу Ханифа) айтты: Бізге Мұхаммед ибн Қайс былай деп әңгімеледі: «Үшір жинаушы ӘбульЪәужә - тәбиғин Мәсрұқтың досы еді. Ол Мәсрұқты қонаққа шақыратын. Мәсрұқ (астың адал не арамнан алынғанын) сұрамай асын жеп, сусынын ішуші еді». Осы риуаятты келтіргеннен кейін Имам Мұхаммед (р.а.): «Біз осыны аламыз. Дәл қайсысы арам екенін білмесе (яғни, арамнан алынған түрін нақты білмесе) онда әбестік жоқ (оны қабыл ету, оны жеудің әбестігі жоқ). Әбу Ханифаның сөзі де (тоқтамы да) осыған саяды1» - деп айтты.

Тағы бір риуаятта бір кісі сахаба Абдулла ибн Мәсъудқа келіп: «Менің бір көршім бар. Жейтіні өсім. Ол үнемі мені қонаққа шақырады» деп айтады, үкімін білгісі келіп. Сонда ардақты сахаба: «Сыйлығы саған, күнәсі оған» деп жауап берген екен (радияллаһу анһ)2. Яғни, егер саған ұсынған асы харам табыстан алынған жағдайда, күнәсі саған болмайды, күнәсі өзіне болады дегендік. 

Абдусамат Қасым


1  Мұхаммед Тақи Усмани: «Фиқһуль Буюъ».
2  Абдурраззақ: «әл-Мусаннаф».