«Зинақорды зинақорға қосамын» деген аятты қалай түсінуге болады?
«Зинақорды зинақорға қосамын» деген аятты қалай түсінуге болады?
3 жыл бұрын 18455

«Зинақор еркекке - зинақор әйел» деген нәрсе жүз пайыз орындала ма? Яғни, барлық зина жасаған еркекке зинақор әйел жолығады ма? Жоқ, әлде ол жағдай орындалмайтын кез бола ма? Самат.

Құрметті сауал жолдаушы, Құран Кәрімде «зинақор тек зинақормен ғана некелеседі» деген мағынада аят бары рас. Нұр сүресінде: «Зинақор еркек тек зинақор әйелмен немесе пұтперес әйелмен некелеседі. Зинақор әйел де тек зинақор еркекпен немесе пұтқа табынушы еркекпен ғана некелеседі. Ол нәрсе иман еткен кісілерге харам», - делінген[1].

1. Бірақ, бұл аят – өзіңіз айтқандай, зина жасаған кісіге тек зина жасаған әйел ғана кездеседі, одан өзгесін алу пешенесіне жазылмаған деген ұғымда емес.

2. Сондай-ақ, бұл аят – зина жасаған кісі тек зина жасаған әйелді ғана алуы тиіс, пәк қыз алса күнәһар болады деген мағынада емес. Өйткені, бұрын ондай харам іске барып қойған кісі тәубе етіп, дұрысталған болса, зина жасамаған қызды әйелдікке алуына құқылы.  

3. Және де бұл аяттан – бұрын зина жасаған әйелді әйелдікке алу харам деген ұғым да шықпайды. Өйткені, шариғатта, тәубе етіп, ондай харам істен тыйылған әйелді өзіне жар етіп алуға рұқсат.

Олай болса, ол аятты қалай түсінбек керек?

Аталмыш аят – зина ісінен тыйылмаған жеңіл жүрісті әйелді өзіне жар етіп алудан немесе суық жүрісін қоймаған еркекке тұрмысқа шығудан діндар мүмін-мұсылман ер мен әйелдерді тыюда. Риуаттарға қарағанда Мәрсәд ибн Әбу Мәрсәд есімді бір сахаба Исламнан алдын көңіл жарастырып жүрген Анақ есімді бір жеңіл жүрісті әйелді өзіне жар етіп алу мәселесін Алла елшісінен (с.а.у.) сұрайды. Сонда, аталмыш аят түсіп, ол ісінің дұрыс еместігін ұқтырған екен[2]. Басқа бір риуаятта: «Мүһажирлер Мединеге көшіп келгендерінде, кейбір мүһәжірлер Медине қаласындағы жеңіл жүрісті әйелдердің бірін алу жайында Алла елшісінен рұқсат сұрайды. Сонда аталмыш аят түсті, - делінген[3].  

Яғни, қанша жақсы көріп тұрса да ер адам жеңіл жүрісті әйелді, ал әйел адам суық жүрісті еркекті таңдамағаны жөн деген сөз. Бірақ, оған қарамастан некелескен болса, некелері саналады.

Бұнымен қатар, аталмыш аяттың астарындағы мән-мағынасын ашып түсіндіруге тырысқан ғұламаларымыз да бар. Мәселен, Имам Мәтуриди өзінің «Тәуиләту Әһли сүннә» атты ауқымды тәпсір кітабында әлгі аяттың астарын былай деп жорамалдаған:   

  1. «Бұл жердегі тыйым, шын мәнісінде, зина жасаудан тыю мақсатында айтылып тұр деуге болады. Яғни ол аяттың астарында: «Сендер зина жасамаңдар! Егер зина жасасаңдар, зинақор атанасыңдар. Ал, жеңіл жүрісімен танылған жігітке, зинашы әйелдер мен зинаны харам санамайтын мүшрік әйелдерден өзге, ибалы қыздың тұрмысқа шықпайтыны анық. Ендеше, зинадан аулақ бол!» деген мағына жатыр. Мәселен, Құранда: «Сендер мас күйінше намазға жоламаңдар» деген аят бар. Бұл аяттағы тыйым – намазға жолаудан тыю емес, мас болудан және мас ететін нәрселерді ішуден тыю болып табылады.
  2. Немесе аталмыш аят – зинақор кісілердің іштегі қалауларын баяндап тұрған болуы мүмкін. Мәселен: Зинақор тек өзі сияқты зинақорды немесе пұтпересті ғана артық көреді, себебі ол екеуі (зинашы әйел мен пұтперес әйел) зинаны харам санамайды деген сияқты" - дейді ғұлама[4].

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] «Нұр» сүресі, 3 аят.
[2] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Әбуәбу тәфсириль Құран. №3248 хадис; әл-Хаким: «әл-Мүстәдрак»; әл-Бәйһақи: «әс-Сүнәнуль Кубра».
[3] Имам Мәтуриди: «Тәуиләту Әһли Сүннә». 7/510 бет; Ибн Әбу Шәйбә: «әл-Мусаннаф»; әл-Бәйһәқи.
[4] Имам Мәтуриди: «Тәуиләту Әһлис сүннә». 7/511, 512 бет.

Абдусамат Қасым