Мәһрдің (неке сыйы) қандай шарттары бар?
Мәһрдің (неке сыйы) қандай шарттары бар?
8 жыл бұрын 25157

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Мәһрдің шарттарын айтып бересіз бе?  Ұлан

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!  

Бір затты мәһр (неке сыйы) ретінде есептеуіміз үшін:

Біріншіден - дінде халал деп саналатын, материалдық құны бар және қол жетімді зат болуы керек[1]. Мысалы, киім-кешек, компьютер, планшет, ұялы телефон, ақша т.б.

Екіншіден – аяғы дауға ұласпау үшін берілетін заттың түрі, саны, сорты сияқты т.б. негізгі ерекшеліктері нақтыланғаны дұрыс[2]. Мысалы, келіскен мәһр киім-кешек болса, бұл жағдайда әлгі киім-кешек санатына жататын киімнің нақты бір түрі айтылуы тиіс: көйлек немесе етек немесе күртеше т.б.

Үшіншіден - ең азы он дирхам күмістің құнына сай болуы керек[3]. Мәһрдің ең аз мөлшерін ардақты Пайғамбарымыз мына сөзімен бекіткен: «... он дирһамнан кем мәһр болмайды..»[4].  

Осы тұрғыда,  мәһрдің мөлшерін тым шарықтатпай, мұнда да орта жолды ұстанған абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде: «Әйелдердің ең хайырлысы – мәһрі ең жеңіл болғаны», - деген[5].    

Мәһрдің түрлері: 

Мәһр неке қию барысында берілетін болса, мұны шариғатта «мәһр муғажжәль», яғни дер кезінде берілген мәһр деп атайды. Ал екеуара келісіп, мәһр беруді болашаққа қалдырса, мұны «мәһр му’әжжәль», яғни «уақыты созылған мәһр» дейді. Мәһр нақты күнге белгіленсе, мәһр сол келісілген күні берілуі тиіс.

Кейде ерлі-зайыптылар мәһрдің нақты уақытын белгілемей, әйелі ерімен «әйтеуір бір берерсің» деп келісетін кездер де болады. Шариғатымызда оған да рұқсат береді (дегенмен уақытын белгілеген абзал). Бірақ, бұның уақыты, ерлі-зайыптылардың ажырасуымен немесе біреуінің дүниеден озуымен шектеулі. Яғни, ажырасқан күні, мәһрді беру  еріне міндет, ал, күйеуі бақилық болған жағдайда, мәһр,  артта қалған дүниесінен алынады.  

Ескерту: Келіскеннен соң, келісілген мәһрдің мөлшерін азайту яки түбегейлі  бас тарту қыздың өз ықтиярында[6].

Қалың малды мәһр ретінде есептеуге бола ма?

Егер, қалың малдың мөлшерін қыздың өзі белгілеп, қыздың рұқсатымен жасауына т.б. жұмсалатын болса, қалыңдықтың рұқсатымен қалың малды да «мәһр» ретінде есептеуге болады! 


[1] Абдул Уәһһаб әл-Хиләф: әл-Әхкәмул ахуалуш шахсия – 76 бет;  Маусули, әл-Ихтияр – 3/89 –бет; Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 3/491-бет;
[2] У.Зухайли, әл-Уәжиз – 3/97 бет. 10 дирһам дегеніміз шамамен 30-35 грамм күміске тең.
[3] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар – 4/232 бет. 7/10 бет.; Абдуррахман Жазири: әл-фиқһ ъалал мәзәхибил арбаъа – 4/90 бет;  
[4] Даруқутни сүнәні; Бәйһақи.
[5] Табарани: әл-Муъжәмуль Кәбир - №10945. Ибн Аббастан риуаят етілген. " خَيْرُهُنَّ أَيْسَرُهُنَّ صَدَاقًا " .
[6] Юсуф бин Ахмед, Жамигул әсилатиль фикхия аля мәзхабиль ханафия/Китабун Никах.

Абдусамат Қасым