Жігіті бар қызды алып қашсам бола ма?
Жігіті бар қызды алып қашсам бола ма?
8 жыл бұрын 8028

Әссәләмуғалейкум! Бір қызды алып қашсам деп ойлап жүрмін. Бірақ, қыздың жігіті бар. Сол қалай болады екен? Күнә болмайды ма? Анон.

Уағалейм әссәләм уа рахматуллаһи уә баракатуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, біріншіден, Ислам дінінде өзгенің сөз байласқан қалыңдығына көз тігуге болмайды, күнә.  Пайғамбарымыз (с.а.у) Сахих Бухариде келген бір хадисте: «...Ешкім өзінің дін бауырының қалыңдығын айттырмасын. Бірақ, егер байласқан сөзін бұзған болса, немесе жігіт рұқсат берген болса, ол басқа», – деген. Ендеше, ол қызды алып қашу - харам.

Екіншіден, некеде қыздың ризалығы маңызды. Қыз өз ризалығын білдірмесе, неке қиылмайды. Осы тұрғыдан алғанда, қызды ықтиярынсыз алып қашу үрдісі – Исламдағы «өзара ризалық» түсінігіне қайшы.

Оның үстіне, Ханафи мәзхабында «теңіне шығу» принципі тағы бар. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Әйелдерді тек теңіне үйлендіріңдер...», - деген[1].

Аталмыш принцип бойынша, қыздың үйленгісі келген жігіті: Біріншіден қыздың тегіне сай болуы керек. Екіншіден, мәһрін беріп, болашақта нәпәқамен қамтамасыз ете алатындай жағдайда болғаны жөн. Үшіншіден, қыздың «діні» мен «тақуалығына» сәйкес жігіт болуы тиіс[2]. Теңіне шықпаған жағдайда, қызға тиер залалдың алдын алу мақсатында оның қамқоршысы некенін бұзылуын соттан талап ете алады[3]. Осы тұрғыдан алып қарағанда да, әлдебір белгісіз жанның апай-топай алып қашуы қыздың «теңіне шығу» құқын аяққа таптаған болып саналады.

Бұнымен қатар, шариғатта адамның жаны қаншалықты қастерлі болса, ары да соншалықты қастерлі. Арын аяқ-асты етуге ешкімнің қақысы жоқ.  Ендігі жерде, зорлықпен алып қашудың психикаға тигізер кері әсерін айтпағанда, қыздың халық алдындағы абыройына да сызат түсірері анық.

Сондықтан да, қызды күштеп, оның ықтиярынсыз алып қашу дағдысы Ислам қағидаттарына сай емес. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  


[1] Даруқутни сүнәні, Китабун Никаһ – 3545 хадис.
[2] Мәйдани, Любаб – 3/13 бет.
[3] Әз Зубайди, Әл-Жәуһаратун Нира Шарху Мухтасариль Қудури, Китабун Никах – 668 бет.; 

Абдусамат Қасым