Намазда аяқты талтайтып тұру дұрыс па?
Намазда аяқты талтайтып тұру дұрыс па?
9 жыл бұрын 27258

Ислам мұсылмандарды белгілі бір тәртіпке тәрбиелейтін дін. Рухтың бірлігіне көңіл аударғаны тәрізді сыртқы көрініске де аса мән береді. Себебі, жүйесіз әрекет рухтың шыңдалуына көлеңкесін түсіріп, ішкі үйлесімділікті бұзатыны ақиқат. Мына әлемде бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан бұл өз кезегінде сыртқы көрініске де кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан болар, Алла Елшісі жамағатпен оқылған намазда саптың түзу болуына әрі арада бос жер қалмауына, сондай-ақ, саптың толық болуына айрықша көңіл бөлетін. Бұл жайлы Хақ елшісінің (с.а.у) бірқатар хадистеріне назар аударайық:

عن أبي هُرَيْرَةَ عن النبي  صلى الله عليه وسلم  أَنَّهُ قال: وَأَقِيمُوا الصَّفَّ في الصَّلَاةِ فإن إِقَامَةَ الصَّفِّ من حُسْنِ الصَّلَاةِ

 «Саптарың түзу болсын. Саптың түзулігі намаздың көркемдігінен»[1].

Жабир ибн Сумрадан риуаят етілді:

عن جابرِ بنِ سَمُرةَ، قال: خرَجَ علينا رسول اللَّهِ - صلى الله عليه وسلم -، فقال:"ألا تصفون كما تصفُّ الملائكةُ عِندَ ربِّها؟ فقلنا: يا رسول اللَّه، وكيف تصفُّ الملائكةُ عِندَربِّها؟ قال: "يُتمُّون الصفوفَ الأولَى، ويتراصُّون في الصفِّ"

«Алла елшісі бір күні бізге: «Періштелердің Раббыларының құзырында сапқа тұрғанындай сапқа тұрмайсыңдар ма?» – деді. Біз: «Уа,  Алланың елшісі, періштелер Раббыларының құзырында сапқа қалай тұрады?» – деп, сұрадық. Алла елшісі: «Алдыңғы қатарды толтырмай тұрып, келесі қатарға өтпейтін және сапта бір-бірімен тығыз (жақын) тұрады».[2]

Ибн Омардан риуаят етілді:

عن ابن عُمَرَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ  صلى الله عليه وسلم  قال أَقِيمُوا الصُّفُوفَ وَحَاذُوا بين الْمَنَاكِبِ وَسُدُّوا الْخَلَلَ وَلِينُوا بِأَيْدِي إِخْوَانِكُمْ ولا تَذَرُوا فُرُجَاتٍ لِلشَّيْطَانِ وَمَنْ وَصَلَ صَفًّاوَصَلَهُ الله وَمَنْ قَطَعَ صَفًّا قَطَعَهُ الله

«(Алла олардан разы болсын!) Алла елшісі былай деді: «Саптарың түзу болсын, иықтарыңды түйістіріңдер, араларыңда бос орын қалмасын. Араларыңдағы бос кеңістікті толтырғысы келген кісіге сығылысып, орын беріңдер немесе сапты түзеуге әрекет еткен адамның қолын қақпай, оларға жұмсақ болыңдар. Шайтанға бос жер қалдырмаңдар. Кім бос орынды толтыру үшін сапқа тұрса, Алла онымен жақсы мәміледе болады. Ал, кімде кім сапты үзсе, Алла да одан рақымын, нығметін үзеді».[3]

Бараа ибн Ъазибтан риуаят етілді. Ол былай деді:

عن الْبَرَاءِ بن عَازِبٍ قال كان رسول اللَّهِ  صلى الله عليه وسلم  يَتَخَلَّلُ الصَّفَّ من نَاحِيَةٍ إلى نَاحِيَةٍ يَمْسَحُ صُدُورَنَا وَمَنَاكِبَنَا وَيَقُولُ لَا تَخْتَلِفُوا فَتَخْتَلِفَ قُلُوبُكُمْ وكان يقول إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ على الصُّفُوفِ الْأُوَلِ

Алла елшісі (с.а.у.) сапты аралап жүріп кеуделеріміз бен иықтарымыздың түзулігін тексеріп көретін де былай дейтін: «Бытырап тұрмаңдар. Себебі, соның кесірінен жүректерің де ала-құла болады. Алла алдыңғы қатардағыларға рақым етіп, дәрежесін көтереді. Ал періштелер оларға игі дұға тілейді».[4] 

Жоғарыда келтірілген риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.у.) намазда қатарлардың түзу әрі жинақы болуына және алдыңғы қатар толмай жатып, келесі сапқа тұрмауға қаншалықты көңіл бөлгендігін байқаймыз. 

Алла елшісі жоғарыда Әбу Дәуідте келтірілген риуаятта және басқа да хадистерде сахабалардың тобықтарының бір-біріне тиіп-тимегендігіне емес, иықтар мен көкіректердің сапты бұзбауына, арада бос жер қалмауына, саптың жинақы әрі түзу болуына назар аударған. Сондықтан, иықтарын бір-біріне түйістіргеннен кейін  екі аяқтың арасын ары кетсе екі жауырынның арасындай қашық ұстауы тиіс.

Екі аяқ арасының арақашықтығы Шафиғи мәзһабында бір қарыс, Мәліки және Ханбалидағы мәзһабтарында көзге ерсі көрінетіндей алшақ емес, дененің тепе-теңдігін сақтайтындай «орташа» болғаны жөн[5].

Ал, Ханафи мәзһабы бойынша намазда тұрған кісі екі аяғының арасын тым жақындатпайды, ең кемі төрт елі қашық ұстайды.

Қиямда тұрғанда екі аяқты бір-біріне тигізе тақамау да керек. Бұған қатысты Нәсәиде келтірілген хадистің бірінде Сахаба Абдулла ибн Аббас екі аяғын бір-біріне тигізе тақап, намаз оқып тұрған кісіні көргенде оған: 

عن أبي عبيدة أنَّ عَبدَ اللهِ رَأَى رَجُلاً يُصَلِّي قَد صَفَّ بَينَ قَدَمَيهِ، فَقَالَ: خَالَفتَ السُّنَّةَ...، رواه النَّسَائِي

 «Сен сүннетке қайшы келдің...»[6], деді.

Және Ибн Әби Шәйбәнің риуаят етуінде Ғуәйна ибн Абдрахман ибн Жәушәнның айтуы бойынша әкесі Әбдірахман мешітте екі аяғының арасын тақап, намаз оқып тұрған кісіні көріп былай деді:

قال عوينة بن عبد الرحمن: كنتُ مَعَ أَبي في المَسجِد فرأى رَجَلا صَافا بَينَ قَدَمَيهِ فَقال ألزَقَ إحداهُما بِالاُخرى لَقَد رأيتُ في هذا المسجدِ ثَمَانِيةَ عَشَرَ مِن أصحابِ النّبيّ صَلّى الله عليه و سلم ما رَأيتُ أحَدا مِنهُم فَعَلَ هذا قَطّ."

«Анау екі аяғын бір-біріне тигізе тақап алыпты. Мен мына мешітте он сегіз сахабаны көрдім. Біреуі де бұлай істемеген еді»[7]. 

Талтайып тұру қайдан шыққан?

Бүгінде мұсылмандардың арасында пайда болған «сәләфизм» бағытындағылар намаз оқып тұрған сәттерінде аяқ арасын тым алшақ ұстап, талтайып тұрады. Олар аталмыш әрекеттеріне дәлел ретінде сахаба Нұғман ибн Бәшир және Әнәс ибн Мәліктен жеткен риуаятты көлденең тартып, оны сүннет деп есептейді.

Алайда, аты аталған ардақты сахабалардың риуаят еткен деректі талдайтын болсақ, намазда әлгіндей тұрудың қате екеніне көз жеткіземіз.

Ендеше, бұл риуаяттарға аз-кем талдау жасап көрелік. Нұғман ибн Бәшир және Әнәс ибн Мәліктен жеткен риуаят төмендегідей:

النعمان بن بشير:فقال(صلى الله عليه و سلم):اقيموا صفوفكم ثلاثا... رَأَيتُ الرَّجُلَ مِنَّا، يُلزِق ُكَعبَهُ بِكَعبِ صَاحِبِهِ.

عن أنس، عن النبي (صلى الله عليه و سلم) "أقيمُوا صُفُوفَكُم، فإنِّي أَرَاكُم مِن وَرَاءِ ظَهري." وَ كَانَ أَحَدُنَا يُلزِقُ مَنكَبَهُ بِمَنكَبِ صَاحِبِهِ، و قَدَمَهُ بِقَدَمِهِ.

Сахаба Нұғман Пайғамбарымыздың «Саптарыңды түзеңдер», деп, үш рет айтты...»,дейді. Ал, сахаба Әнәстің хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Саптарыңды түзеңдер, сөзсіз мен сендерді артымнан да көріп тұрмын», – деген [8]. 

Сахаба Нұғман жоғарыдағы хадисті риуаят еткен соң өз сөзімен «فلقد رايت الرجل منا –  Шындығында, біздің арамыздан «кейбіреулер» тобығын өзгенің тобығына сүйкеп, тигізе тақайтынын көретінмін...» десе, сахаба Әнәс хадисті риуаят еткеннен кейін: «وكان احدنا يلزقарамызда «кейбіреуі» иығын қатарлас адамның иығына, ал тобығын тобығына тигізетін» - деп, өзінің сөзін қоса айтқан, яғни, бұл – хадис емес, жеткізуші рауи сахабаның сөзі.

Аты аталған сахабалардың сөздері намазда аяқты алшайтып ұстау керектігіне негіз бола алмайды. Неге десеңіз, қос сахаба жеткізген хадистерді зер салып қараған адам мынадай тоқтамға келеді:

1. Сахаба Әнәс риуаят еткен хадисті сахаба Әбу Һұрайра да риуаят еткен[9]. Алайда, ол «аяқтарын тақайтын» деген сөзді қолданбаған. Ендеше, осы хадисті естіген Әбу Һұрайраның (р.а.) қасында тұрғандар аяқтарын тақамайтын.

2. Қос сахабаның «кейбіреуі» деген сөздерін бөліп-жарып, әдейі тырнақшаның ішіне алып айтуымыздан аңғарғандарыңыздай,  ол сөз –  сахабалардың барлығы бірдей аяқ-тарын бір-біріне тигізе тақамағандығына дәлел бола алады. Егер Пайғамбарымыздың бұйырған бұйрығы болса, яки, Өзі жасаған ісі болса, өзге сахабалар да солай етер еді. Себебі, Алланың елшісі: «Мен қалай намаз оқыған болсам, сендер де солай оқыңдар», – деген.

3.  «Тақайтын еді» және «көретін едім» деген тіркестерден байқағанымыздай сөйлем өткен шаққа құрылған. Яғни, сол кезден кейін ешкім бұл әрекетті қайталамаған. Бұл жайында әйгілі ғұлама хадисші Ибн  Хажар әл-Асқалани (Хижри 773-852 ж.) «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағына жазған түсіндірмесінде, сахаба Әнәс (р.а.) риуаят еткен аталмыш хадиске түсініктеме беру барысында былай дейді:

قوله: "وكان أحدنا إلخ" وأفاد هذا التصريح ان الفعل المذكور كان في زمن النبي صلي الله عليه وسلم

«Әнәстің «арамыздағы кейбіреулер» деген сөзі әлгіндей жағдай тек Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тұсында ғана болғанын айғақтайды»[10].

4. Алла елшісінің (с.а.у.) ешбір хадисінде «аяқтарыңды бір-біріне тигізе тақаңдар» деген әмір жоқ. Бұның өзі сол істің шариғат талабы емес екендігін анық білдіреді. 


[1] Сахихул-Бұхари. 1-том, 253-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж.
[2]. Сүлеймен Ибнул-Әшъас Әбу Дәуіт ас-Сажистани, Сүнану Әбі Дәуіт, 1-том, 177-бет. «Дарул-фикр» баспасы.
[3]. Сүлеймен Ибнул-Әшъас Әбу Дәуіт ас-Сажистани, Сунану Аби Дәуіт, 1-том, 177-бет. «Дарул-фикр» баспасы.
[4]. Сүлеймен Ибнул-Әшъас Әбу Дәуіт ас-Сажистани, Сунану Аби Дәуіт, 1-том, 177-бет. «Дарул-фикр» баспасы
[5]. Қ.Жолдыбайұлы «Дін мен діл», 2-том. 
[6]. Нәсәи, әс-сүнәнул-кубра – 465 бет. 373-баб/968-хадис.
[7]. Ибн Әбу Шәйбә, Мұсаннаф, Китәбу салатит Тәтауғ; (153) 787 хадис.
[8] Фатхүл Қадыр. Сахих Бұхари, 76-бап, №725 хадис. 
[9] Һәйсәми, Мәжмәғуз-Зәуаид – 1/202-бет, №2493 хадис. Бұл хадисті жеткізу тізбегі қуатты.
[10] Асқалани, Фатхул Бари – 76-баб/725-хадис түсіндірмесі.

"Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі". 
Авторы: А. Қасымов. «Дәуір» баспасы.
(Түзетулер мен толықтырулар енгізілген ІІ-баспасы)