Вахталық әдіспен жұмыс істеушілерге асханадағы тағамды жеулеріне бола ма?
Вахталық әдіспен жұмыс істеушілерге асханадағы тағамды жеулеріне бола ма?
6 жыл бұрын 7367

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Мен вахталық жұмыста жасаймын. 15/15 күн. Біздегі асханада құстың, қойдың, сиырдың еттерінен тамақтар дайындап береді. Кейбір бауырларымыз адал сойылғандығына күмән келтіріп, жемейді. Осы мәселеде не істеуге болады? Жеуге бола ма әлде, өзімізбен тамақ әкелуіміз керекпе? Әлібек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам діні «адал ас» мәселесіне аса қатты маңыз аударатындығы жасырын емес. Ішкен асымыздың халал әрі таза болуы дініміздің бұйрығы. Өйткені, таза әрі халал ас, біршетінен – денсаулық кепілі, екіншіден - ішкен асымыздың мінез-құлқымызға да әсері бар екендігін ескерсек, халал ас моральды тұрғыда да маңызды.

Аллаға Тағала Құран Кәрімде былай деп бұйырады:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الْأَرْضِ حَلَالًا طَيِّبًا وَلَا تَتَّبِعُوا خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ ۚ إِنَّهُ لَكُمْ عَدُوٌّ مُّبِينٌ

«Ей адамдар! Жердегі нәрселерден халал әрі тазасын жеңдер. Шайтанның ізімен жүрмеңдер. Шынында, ол сендерге ашық дұшпан»[1]

Сондай-ақ, «Кәһф» сүресінде «асхабуль кәһф» деген атаумен белгілі бір топ жас мүмин-мұсылмандарың мынадай сөзі келтіріледі:  

 فَابْعَثُوا أَحَدَكُم بِوَرِقِكُمْ هَٰذِهِ إِلَى الْمَدِينَةِ فَلْيَنظُرْ أَيُّهَا أَزْكَىٰ طَعَامًا فَلْيَأْتِكُم بِرِزْقٍ مِّنْهُ 

«...Мына күміс ақшамен біреулеріңді қалаға жіберіңдер. Қарасын, кімнің тамағы тазарақ болса, содан азық алып келсін...»[2].  

Аталмыш аяттан байқағанымыздай, азық-түлік алғанда да, асханалардан ас ішетін кезде де халал-харам мәселесіне мән берілу керек екен.

Әйткенмен, дініміздің тығырыққа тірелген пенде үшін жеңілдік танытатынын да естен шығармағанымыз жөн. Ішерге ас таппай, аштан өлуге таяған пендесіне доңыздың да етін жеуге рұқсат беріледі Исламда.

Ендігі жерде, вахталық әдіспен жұмыс істейтін жерлерде өзіңіз айтпақшы, мүмкін болса, өзі дайындап ішкенге не жетсін. Алайда, ондай орындарда ол нәрсе әрдайым және әркімге мүмкін бола бермейді. Сондықтан да, ондай жағдайларда асханадағы еті адал саналатын жан-жануарлардың етінен әзірленген асты «бисмилләһ» деп жей беруге болады десек қателеспеспіз. Неге десеңіз, «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағында келтірілген риуаятта, кейбір сахабалар Пайғамбарымыздан: «Бізге кейде біреулер ет алып келеді. Бірақ ол еттің бисмилләмен сойылғанын не сойылмағанын білмейміз?» – деп сұрағанда, әрдайым үмметінің жағдайын ойлайтын Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Бисмилләны» айтып жей беріңдер», – деп жауап берген екен[3]. (Бұл хадис Айша анамыздан риуаят етілген).  

Ұзын сөздің қысқасы, халал ас беретін, сенімді асханалардан тамақ ішу – негіз. Алайда, әскерде, вахталық жұмыс орындарында, ауруханаларда т.б. сол сияқты асхана таңдауға мүмкіндік жоқ жерлерде мұсылмандарға кеңшілік бар. Мұндағы етпен пісірілген асты "бисмиллəны" айтып, жей беруге рұқсат. Әрине, еті адал жан-жануардың етінен әзірленген ас болуы маңызды, ал, шошқа т.б. еті харам хайуандардың етінен жасалған асты жеуге болмайды.


[1] Бақара сүресі, 168 аят.
[2] Кәһф сүресі, 19 аят.
[3] Бухари, Китабуз Забаих – 5188.

Абдусамат Қасым