Ұятты видеоларды көруге бола ма?
Ұятты видеоларды көруге бола ма?
10 жыл бұрын 29701

Әссәләму алейкум! Зина жасау күнә екені белгілі. Ал, ұятты видео көрген де күнә болып табылады ма? Егер күнә болса, оның ақыретте жауабы қалай?  Алдын ала рахмет.  А.

Уағалейкум әссәләм! Жаратушы Иеміз былай деп бұйырады: «Мұсылман еркектер мен мұсылман әйелдерге айт көздерін харамнан сақтасын...». (Нұр сүресі, 30-31 аяттар.).

Харамға қарау – күнә. Мейлі фильмдерде орын алған ұятты көріністерді көру болсын, мейлі газет, журналдарда жарияланған арсыз фотосуреттерге қарау болсын, үкімі - харам.  Сондықтан, арсыздық пен ұятсыздық жарнамаланып жатқан мына заманда мұсылман адам аса сақ болғаны жөн. Харамға кетіп қалмау жағын естен шығармауы тиіс.

Өкінішке орай, қазіргі таңда «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейтін ата-баба өсиетін ұмытқандаймыз. Батыс мәдениетінің ақ-қарасын айырмай түгелімен боймызға сіңдіріп, мұсылманшылық құндылықтарымыз азайып кетті. Бұрындары арсыз дүниелерді көру ұят саналса, бүгінде әдеттегі жағдайға айналды.

Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір асыл сөзін айтпай кету мүмкін емес. Ол (с.а.у.) былай дейді: "Сендер өздеріңнен алдынғылардың жолынан бір елі айнымай жүретін боласыңдар (яғни, әрбір нәрсесін айнытпай істейсіңдер). Тіпті олар кесірткенің ініне кірген жағдайда, солардың артынан ілесесіңдер" – дейді... (Сахих Бухари - كتاب الاعتصام بالكتاب والسنة.).

 

Абдусамат Қасым