Түшкірген кезде «рас екен» дейді. Осы хадисте бар ма?
Түшкірген кезде «рас екен» дейді. Осы хадисте бар ма?
9 жыл бұрын 17590

Ассалаумағалейкум. Осы қазақта «түшкірген кезде айтқан сөзің рас болады» дейді. Мысалы, әңгіме айтып отырған кезде біреу түшкіріп қалса, сол кезде «рас екен» дейді қазақта. Және сол кезде періште әумин дейді екен. Сол рас па? Әлихан.

Уағалейкум әссәләм! Ондай ұғымға сай келетін кейбір риуаяттар кітаптарда бар. Атап айтсақ, сахаба Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз былай деген: «Кімде-кім әңгіме айтып жатқан кезінде қасындағы адам түшкірсе, демек ол рас айтады».

Осы хадисті келтірген Имам ән-Нәуәуи: "Хадисті жеткізуші риуаятшылардың бәрі сенімді. Тек арасында Бақияту ибн әл-Уәлид деген кісі жайында мамандар әртүрлі пікірлер білдірген", - дейді[1].

Хадисші ғұлама әл-Байхақи (994-1066 ж.) аталмыш хадисті «мүнкәр» деп, хадисті қабыл етпеді. Ал, Табарани (873-970 ж.) өзінің «әл-Әусат» атты хадистер жинағында әлгі хадиске «әлсіз» деп баға берген[2]. Ойдан шығарылған хадис дейтіндер де жоқ емес.

Сондай-ақ, Табаранидің (р.а.) әлгіндегі кітабындағы сахаба Әнәстән жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сөздің ең дұрысы - қасындағы адам түшкірген кезде айтылған сөз»[3], деген екен. Хадисші әл-Һәйсәми бұл риуаят жайында: "Хадисті риуаят етуші кісілердің арасында «Ъумарату ибн Зәзән» атты адам бар. Бұл кісі әлсіз, қалған риуаятшылар сенімді", - дейді.

Қорытындылай келе айтарымыз, Ислам дінінде ақиқат нақты дәлелдермен белгілі болады. Оны Құран тілімен айтқанда «Бурһан» дейміз. Нақтылық жоқ жерде күмән, жорамал, болжам бар. Құранда: «Күмән ақиқаттың жанында түк емес»[4], - делінген. Сондықтан, айтылған сөздің растығына жету үшін әлдекімнің түшкіруі жеткіліксіз. Жоғарыдағы келтірілген хадистер бұл мәселеге нақты дәлел бола алмайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Фәтәуә әл-Имәм ән-Нәуәуи – 72-73 бет.
[2] Әл-Һәйсәми – Мәжмәъуз зәуәид: Китабуль әдәб, 12913 –хадис.
[3] Әл-Һәйсәми – Мәжмәъуз зәуәид: Китабуль әдәб, 12914 –хадис.
[4] Юнус сүресі, 36-аят.

Абдусамат Қасым