Құрамында желатин бар Е441 таңбалы азықты пайдалануға бола ма?
Құрамында желатин бар Е441 таңбалы азықты пайдалануға бола ма?
8 жыл бұрын 19446

Әссәләмуғалейкум! Құрамында желатин бар тағамды жеуге бола ма? Шынар

Уағалейкум әссәләм!

Желатин – хайуандардан алынған ақуызды заттардың (белок) қосындысы. «Желатин» сөзі латын тіліндегі «gelatus» сөзінен шыққан. Оның тілдік мағынасы: «тоңған», «тоңдырылған» дегенге саяды.  

Желатин – ірі қара малдың немесе доңыздың сүйегін, терісі мен шеміршегін қайнату арқылы жасалады. Кейде, судағы өсімдіктерден (балдыр) немесе балықтан да өндіреді екен.

Діндегі үкіміне келер болсақ, балықтан, өсімдіктерден немесе шариғатқа сай бауыздалып сойылған еті адал малдардың ағзаларынан жасалған желатин – халал.

Ал, доңыз, өлексе т.б. шариғатта адал емес хайуандардан алынған желатиннің құрамындағы қоспа, егер, өзіндік табиғатын, химиялық құрылымын өзгертіп, мүлдем басқа бір затқа айналғандай болса, онда оны да халал деуге негіз бар. Өйткені, шариғатта «инқиләбул айн» немесе «истихәлә» (жаратылысының өзгеруі)  деген қағида бар. Бұл дегеніміз, шариғатта нәжіс деп танылған заттар өз табиғаты мен жаратылысын мүлдем жоғалтып, басқа бір таза затқа өзгерер болса (реакцияға ұшыраса), оның бұрынғы үкімі де өзімен қоса жоғалады.

  • Ескерту: Осы орайда айта кететін маңызды бір нәрсе - өзгеріске тек сипат жағынан ғана емес, бүкіл табиғаты мен болмысы да қоса өзгерген болуы шарт. Тек, сипатының ғана өзгеруі – ол нәжіс үкімін жоймайды.[1]

Осыған орай, мамандардың көпшілігі доңыздан алынған бөлшектер желатинді жасау процесінде толыққанды өзгеріске ұшырамайды деп отыр. Соның бірі, Мысыр еліндегі желатин қосылған өнімдерді зерттеу кеңесінің төрағасы Уафииқ әш-Шарқауи былай дейді:

«Анығында, доңыздың терісі, сүйегі (жасалу процесінде) толықтай емес, жартылай өзгеріске ұшырайды... Сондықтан да, шошқадан алынған бөлшектер түбегейлі желатинге өзгеріп кетеді деп айту қиын»[2]. 

Түйін сөз:

Осы салада зерттеу жүргізіп жүрген мұсылман мамандардың айтуынша, қандай да бір азықтың құрамындағы желатиннің өсімдіктен екенін, әлде, өзге адал хайуаннан екенін немесе доңыздан екенін нақты анықтау көбінесе мүмкін емес. Ол үшін арнайы лабараториялық зерттеу қажет. Сол себепті, күнделікті ішіп-жеп жүрген ас түрлерінің құрамында желатиннің барын нақты білетін кісі, ондай асты мүмкіндігінше пайдаланбағаны дұрыс ( E441 - желатин).


[1] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар: «Бәбуль Әнжәс», 1-том, 519-бет.
[2] Мәжәлләтул Бухусил Фиқһиятил Муасира. 

 
Абдусамат Қасым