Пайғамбарымыз (с.а.у.) мағыналы өлеңдерге рұқсат берген бе?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) мағыналы өлеңдерге рұқсат берген бе?
14 күн бұрын 1638

Пайгамбарымыз (с а у) айелдеріне магыналы өлеңдерге рұқсат берген ғой, йә, мысалы, отан, отбасы деген сияқты өлеңдерге?

Әлхамдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Риуаяттарқа қарағанда, айт күні Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйінде Мединелік аңсарлардың күңдерінен екі күң өлең айтқаны Айша анамыз жеткізген. Ол екеуінің әнші болмағандарын да Айша анамыз айтып өтеді әрі айтқан өлеңдері өткен кезеңдерде орын алған бір соғыстағы қаһармандықты паш етер мазмұнда болған. Сонда Әзіреті Әбу Бәкір кіріп келіп: «Алланың елшісінің үйінде шайтанның сырнайын ойнап жатыр ма?»- деп қарсылық танытады. Ол күн - айт күні еді. Сонда Алла елшісі Әбу Бәкірге: «Уа, Әбу Бәкір! Әр қауымның мейрамы бар. Бұл - біздің мейрам» деп айтады1.

Осы хадистен айт күндері ойын ойнап, өлең айтуға және оны әйел-еркектердің тыңдауына рұқсат екендігін ұғыну қиын емес2.

Имам Хатабидің сөзіне қарағанда, аталмыш хадистегі күңдер Исламнан алдыңғы кезеңдердегі Әус пен Хазреж тайпаларының арасында орын алған 120 жылдық соғысты әндетіп, ондағы каһармандықты паш еткен екен.

Осыдан келіп, қаһармандықты пен батырлықты паш етер, ұлттық рухты оятар патриоттық әндерді тыңдауға және мәнді-мағыналы, тәрбиелік мәні бар терме сықылды ән-күйлерді тыңдауға болатындығын түсінеміз.

Әрідесе үйлену тойларда, айт күндері, біреу ұзақ сапардан оралған кезде т.б. осы сияқты қуанышты күндері тамбурин (барабанның бір түрі) соғып, ән айтудың күнә еместігі де түсінікті дейді ғалымдар.

«Сондай-ақ, үйде ыңылдап, әуездеп ән айтудың ағат тұсы жоқ, әрі ол адамның куә бола алу сипатын жоймайды, әрине, арсыз өлеңдерді емес...» - дейді аталмыш хадиске түсіндірме жасаған Ханбали ғалымы Абдуррахман ибн Ражаб (рахимаһуллаһ).

Бірақ құмарлықты оятар және адамның мінез-құлығын бұзатын әндерді тыңдауға болмайтындығын ескертеді: «Ал бірақ мінез-құлыққа кері әсерін тигізер және құмарлықты, нәпсіні оятар сипаттағы өлеңдерді еркекке де, әйелге де айтуға және тыңдауға болмайды. Ондай сипаттағы әндер пасықтыққа және дінде фитна мен арсыздыққа итермелейді...» - дейді ғалым3. 

Өкінішке орай қазіргі таңда адамды арсыздыққа баулып, кісінің нәпсани құмарлығын оятар сипаттағы әндердің қатары көбейіп кеткендігі жасырын емес. Бүгінде кең етек алып кеткен европалық стильдегі жартылай киіммен сахнада тұрып, денесін бұралаңдатып айтқан әншілердің әндері кімді болса да иманын әлсіздететіні анық. Сахаба Абдулла ибн Мәсъудтың «жүрекке нифақ (екі жүзділік) тұқымын себеді» деп, әнге қарасты айтқан сөзі - осындай сипаттағы әндер болса керек. Мұндай әндерді мүмін-мұсылман адам тыңдаудан сақтанғаны жөн.

Оның орнына діни өлеңдерді тыңдаған абзал, сондай-ақ, термені тыңдауға болады және ана жайында, әке жайында, отан жайында, батырлық жайында, отбасы жайында т.б. осы сияқты тәрбиелік мәні бар әндерді тыңдаудың күнәсі жоқ. 

Мүмін үшін бәрінен де абзалы - Құранды әуездеп оқуды үйреніп, көп уақытын Құранның теңдесіз әуенімен рухын рахаттандырғаны. Қасиетті Құран адамның ішкі жан-дүниесіне шипа. Алла Тағала өзінің кәләмін былай деп сипаттайды: «Ей, адам баласы! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, көкіректердегіге (ішкі жан-дүниеге, рухқа, жүрекке) шипа және сенуші мүміндерге тура жол мен мейірім болар (Құран) келді»4

Сондықтан да, ертелі-кеш ән тыңдай бергеннен гөрі, көбірек Құран оқыған мүмін үшін әлдеқайда пайдалырақ екендігі даусыз.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


دخل أبو بكر، وعندي جاريتان من جواري الأنصار، تغنيان بما تقاولت الأنصار يوم بعاث قالت: وليستا بمغنيتين، فقال أبو بكر: أمزامير الشيطان في بيت رسول الله صلى الله عليه وسلم؟ وذلك في يوم عيد، فقال رسول الله صلى الله عليه وسلم: يا أبا بكر إن لكل قوم عيدا وهذا عيدنا. (Имам Бұхари, «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім, «Сахих Мүслім»).
Ибн Ражаб: «Фәтхуль Бәри». №952 (909).
Ибн Ражаб: «Фәтхуль Бәри». №952 (909).
يَـٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ قَدْ جَآءَتْكُم مَّوْعِظَةٌۭ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَآءٌۭ لِّمَا فِى ٱلصُّدُورِ وَهُدًۭى وَرَحْمَةٌۭ لِّلْمُؤْمِنِينَ