«Омар» және «Осман» есімдері не мағына білдіреді?
«Омар» және «Осман» есімдері не мағына білдіреді?
9 жыл бұрын 48388

Амансыздар ма, Islam.kz ұжымы! Сахабаларымыз Омар (р.а.) мен Осман (р.а.) есімдерінің қандай мағына беретінін білгіміз келеді. Интернеттен іздесек те болады, бірақ, сіздердің сайттарыңыз сенімдірек. Рахмет.

Жанна.  

Сәлеметсіз бе, Жанна! Біздің сайтқа сенім артқаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.

Сұрағыңызға келер болсақ, Омар – арабша есім. Араб тіліндегі нұсқасы - «Ғұмар-عُمَر». Түбірі – «ғұмыр», «өмір» деген ұғымдарға саятын «عُمْرٌ-Ғұмр» сөзінен туындайды.

Омар – еркек кіндіктілерге тән есім. Мағынасы: Өміршең, өмірі ұзақ, ғұмырлы дегенді білдіреді. Араб тілінде біреуге ұзақ өмір тілегісі келген адам «عَمَرَهُ اللهғамәраһуЛлаһу» дейді - «Алла ұзақ ғұмыр жасатсын» деген мағынада. Сондықтан да, араб халқы Омар есімін «өмірі ұзақ болсын», «ұзақ жасасын» деп балаларына ырымдап қоятын болған. 

Әйтсе де, аталмыш есімнің мұсылман жұртшылығында белең алуының себебі - арабша мағынасында емес, төрт шадиярдың бірі, ардақты сахаба, Алланың сүйген құлы Хаттаб ұлы Омардың есімі болғандықтан. Мұсылмандар өз ұлдарына аталмыш сахаба тәрізді әділ, мәрт, тақуа, дана әрі батыр болсын деген ниетпен қойып жатады.  

«Осман» да арапшадан келген есім. Араб тіліндегі нұсқасы – «Усман – عُثْمَانٌ». Усман деп, арабтарда дуадақтың* балапанын атайды екен (فرخ الحُبارَى).

Осман есімі арабтарда текті есімдердің бірі саналады. Аталмыш есім көрегендіктің, зеректік пен ақылдылықтың нышаны ретінде қаралған. Бәрінен бұрын бұл есім - Пайғамбарымыздың жақын достарының бірі, «екі нұр иесі» Аффан ұлы Османның есімі. Осынысымен де құнды.

*Дуадақ (лат. Otis tarda) — тырнатәрізділер отрядының бір тұқымдасына жататын құс. Шығу тегі жөнінен тырналарға ұқсас болғандықтан оларды бір отрядқа жатқызады.Шөл,шөлейт далада мекендейді. kk.wikipedia.org. 

Абдусамат Қасым