Неге Пайғамбарымыз «Қожайынынан қашқан құлдың намазы қабыл болмайды» - деген?
Неге Пайғамбарымыз «Қожайынынан қашқан құлдың намазы қабыл болмайды» - деген?
8 ай бұрын 3715

Ассәләмуғалейкум! Кей кісілер сіздердің сайтта жарияланған «Бес түрлі адамның намазы босқа кетеді...» мақалаға қатысты сың айтып, неге «Қожайынынан қашқан құлдың намазы босқа кетеді? Бұл әділетсіз емес пе?» деген сияқты, сөздерді айтуда. Осыған түсініктеме бере кетсеңіздер.

Әлхамадулиллә. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Алдымен "Неге Ислам діні құл ұстауға рұқсат берді? Неге тыймады?" деген сауалға жауап берелік. Өйткені, мәселенің осы жөні түсінікті болмай, сұрақтағы мәселеге деген жауабымыз түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан да, алдымен осы сауалға жауап берелік.

Ислам діні келген тұста «құл иеленушілік» жүйесі қоғамның денесіне бойлап, қанына сіңіп кеткен құбылыс болатын. Құл ұстау әдеттегі жағдай еді. Қазіргі таңда «құл ұстау» қаншалықты тұрпайы көрінсе, ол заманда «құл ұстамау керек» деген сөз соншалықты тұрмайы көрінетін тұғын. Мұны мынадай қарапайым мысалмен түсіндіріп өтелік, мәселен, қазіргі таңда қай қоғамда болмасын автокөлік иелену әдеттегі жағдай екені жасырын емес. Автокөлік иемденуге әлемде ешкімнің қарсылығы жоқ. Ал енді бір адам шығып: «Автокөлік - иемденуге болмайды, оны мінуге болмайды» деп тыйым салуға тырысса, оның мұндай талпынысы мәнсіз болары сөзсіз, тіпті елдер «есінен алжасқан шығар» деп күлуі де мүмкін. Міне Ислам діні келген шақта да «құл иелену» деген жүйе соншалықты әдеттегі жағдайға айналып кеткен болатын. (Автокөлік иемдену Исламда мубах амал, оны жәй ғана салыстырмалы түрде айтып отырмыз).

Ал енді шараптың өзін о баста бірдестен емес, бірте-бірте және кезең-кезеңімен тыйған дініміз - бүкіл әлемнің күнделікті өмір салты мен тіршілігі құлдарға байлаулы болып қалған кезеңде «құл иеленушілікті» бірден тыя қоюы бекершілік болар еді. Алайда, дініміз түрлі желеумен «құлды азат етуге» шақырып отырды, сондықтан да, дініміздің түптің-түбінде «құл иеленушілікті жоюды» көздегенін сенімді түрде айтуға болады. Себебі шариғат қағидасы бойынша «адам азат туылған, азатты өмір кешу керек». Сондай-ақ, шариғатта «құл иелену керек» деген бірде-бір бұйрық жоқ. Бұл сол замандағы құбылыс болғандықтан, оған қатысты үкімдерді де реттеді.

"Батыс елдерінің өзінде, құлиеленушілік түбегейлі 19 ғасырда ғана тоқтаған болатын (1892 жылы)Неге бұрын тоқтатпады? Батыс елінде қайта өрлеу дәуірі (ренессанс) 14-15 ғасырда басталды емес пе? Олай болса, құлиеленушіліктен құтылуды неге кешеуілдетті? Әрине оның да өзіндік себебі бары анық дейсіз. Міне Исламның да 7 ғасырдағы құлиеленушілік жүйесін бірден тыймай, кезек-кезеңімен жоюды көздеуінде де өзіндік мәні бары сөзсіз...". 

Алайда, жоғарыда айтып өткенімдей, бүкіл әлем жұртшылығының тіршілігі құлға байланып қалған заманда, бірден жоймады, оның орнына қожайын мен құл арасындағы қарым-қатынасты реттеп, бұнымен қатар, түрлі шариғат үкімдері арқылы құлды азат етуді міндеттеп отырды, осылайша, тамырын тереңге салған құл иеленушілік жүйесін кезең-кезеңімен, жәй-жәй жойып отыруды көздеді. Батыс елдерінің өзінде, құлиеленушілік түбегейлі 19 ғасырда ғана тоқтаған болатын (1892 жылы)Неге бұрын тоқтатпады? Батыс елінде қайта өрлеу дәуірі (ренессанс) 14-15 ғасырда басталды емес пе? Олай болса, құлиеленушіліктен құтылуды неге кешеуілдетті? Әрине оның да өзіндік себебі бары анық дейсіз. Міне Исламның да 7 ғасырдағы құлиеленушілік жүйесін бірден тыймай, кезек-кезеңімен жоюды көздеуінде де өзіндік мәні бары сөзсіз. 

Ислам құлды бауыр ретінде санауды бұйырған еді

Бірақ, Ислам құлды бауыр ретінде санауды бұйрып:

  • қожайынының не ішсе, құлына да ішкізіп, не кисе, соны кидіруі керек болды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадисінде: «Құлға да, жұрттың ішкенін ішкізіп, кигенін кигізіңдер. Құлға тек күші жететін істі ғана жүктеңдер»- деп бұйырды. (Хадис. Әл-Муатта. Сахаба Әбу Хурайра риуаят еткен.).
  • Ауыр жұмыс міндеттейтін болса, иесі көмектесуі керек болды. Құлды бауыр санады. Ол жайында Алла елшісі (с.а.у.): «Құлдарың сендерге қызмет ететін бауырларың. Алла оларды сендердің қол астыларыңа берді. Кімнің қол астында бауыры болса, оған өзі не ішсе, ішкізіп, не кисе, оған да соны кигізсін. Оларға күші жетпейтін ауыр іс жүктемеңдер. Ауыр іс жүктеген кезде, өздерің де көмектесіңдер!». (Хадис. Сахих Бухари - №30 хадис.).
  • Егер қожайыны нақақтан-нақақ қолындағы құлын ұратын болса, онысы - құлдың азат болуына себеп. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім қолындағы құлын ұрып-соқса, оның кәфараты (кешірімі) сол құлды азат ету болмақ» деп шариғи заң қойды. (Хадис. Сахих Муслим-№3138 хадис)
  • Қандай «кәфарат» түрі болмасын, оның өтеуінде бірінші - құлды азат ету міндеті тұрды. Бұған көптеген аяттар мен хадистер куә. Мысалы, шариғатта Рамазан оразасын әдейі бұзған мұсылманның өтемі ең әуелі - құл азат ету, оған күші жетпесе алпыс міскінді тамақтандыру, оған күші жетпесе немесе табылмаса, екі ай үзбей ораза үстауы бұйырылған. («Мүжәдәлә», аят 3; Хадис, Тирмизи, «Сүнән»; Ибн Мәжә: «Сүнән»). Және Құранда ант кәффаратын өтейтін кісіге бір құл азат етуді немесе он міскінді тойдыруды бұйырады,, ол екеуіне күші жетпесе, үш күн ораза ұстау міндеттелген. («Мәидә» сүресі, 89 аят). Сондай-ақ, адамды абайсызда өлтіріп қойған мұсылманның жазасы әуелі бір мұсылман құлды азат ету және туыстарына ақшалай диет өтеу шарт. («Нисә» сүресі, 92 аят) т.б. шариғатта мұсылманның жасап қойған біраз қателіктерінің кешірімі ретінде құл азат етуді бұйырып отырған. Онымен қоса, құл азат етуді үлкен сауап деп үйретті. Осылайша «құл иеленушіліктен» бірте-бірте кезең-кезеңімен алыстатып отырды. Негізінде құл иеленушілік жүйесін тоқтатуды ең алғаш рет бастаған, Ислам діні деуге негіз бар. (Кәфарат деп – Алла алдында жасаған күнәсін жуып-шаюды айтамыз. Ораза кәфараты, ант бұзудың кәфараты т.б.).
  • Әзіреті Омар мұсылмандардың халифасы бола тұра, Ақса мешітіне бара жатқан жолда астындағы атын құлы екеуі кезектесіп мініп барғандығы тарих кітаптарында жазулы.
  • Ал, Әзіреті Осман халифа болып тұрған кезінде, әлдебіреу еш себепсіз құлдың құлағынан тартады. Сонда халифа Әзіреті Осман, әлгі адамның құлағын бүкіл халықтың көзінше құлға тартқызады т.б. айта берсек көп.

Ислам дінінің үйреткен құлдарға деген қарымқатынасының қалай екендігін көрсетер өрнектерді, Исламның үкімдерінен де, тарихынан да, көптеп табуға болады. Бір ғана мысал, сахаба Абдулла ибн Ауыф бүкіл өмірі бойынша отыз мыңға жуық құлды азат еткен. Осындай сахабалар баршылық еді. 

Ал енді, сұрақтағы жазбада орын алған «Қожайынынан қашқан құлдың намазы босқа кетеді» деген сөздің мәні неде? Соның мәнісін аша кетелік.
 "Дін дұшпандары сол заманда «құл қалай бауыр бола алады?» деп қарсы шыққан еді". 

Жазбамыздың басында айтып кеткеніміздей, Ислам діні ең бірінші келген шақта құл иеленушілік жүйесі қоғамның өмірі мен салт-санасына әбден сіңіп кеткен болатын. Сондықтан да, дініміз келгеннен кейін Алла Тағала құл иеленушілікті бірден тыймай, оны кезең-кезеңімен, бірте-бірте жоюды қалады. Оның орнына «Құлды бауыр» деп санауды бұйырды. Осылайша, қожайыны мен құлдың арасында бауырмалдық тудырып, бірқатар үкімдерді реттеді. (Дін дұшпандары сол заманда «құл қалай бауыр бола алады?» деп қарсы шыққан еді). 

Жоғарыда айтып кеткенімдей, дініміз келгеннен кейін, қожайыны құлына ауыр жұмыс міндеттемеуі тиіс болды, ауыр іс жүктесе, өзі бірге істеп көмектесуі тиіс еді, не ішсе соны ішкізіп, не кисе соны кидіруі керек болды, құл өзінің азаттығын сатып алуға құқылы тұғын (мүкәтәбә), намаз оқуы, құлға шариғи ілім алуына мүмкіндік беру т.б. осы сияқты құқықтарын тануды қожайынына дініміз міндеттеді.

Бірақ дініміз өз кезегінде құлға да өзіндік талаптар қоюды ұмытпады. Өйткені, ақыры, бірге өмір сүреді екен, екі жақты міндеттемелер де болуы заңды. Мысалы, құл шариғат шеңберінде қожайынының айтқанын істеуі тиіс еді, қожайынының рұқсатынсыз кетпеуі керек т.б. Осы секілді міндеттемелердің бірі - құлдың қожайынынан себепсіз қашпау міндеті. Әрине, егер зұлымдыққа ұшыраса, қазыға барып шағымданып, зұлымдыққа ұшырағанын айтады. Ал еш себепсіз қашып кетуі дұрыс емес саналған.

Неге десеңіз, қожайыны оған ақша төледі, ішім-жемін берді, үйін паналатты, бала-шағасына қамқор болды т.б. оған шығындар жұмсалды, енді келіп қашып кетуі, қожайынға әділетсіздік болар еді ол заманда. Бұл өз кезегінде құл мен қожайыны арасындағы бауырмалдық түсінігін жойып, ұрыс-керіске алып келер еді, тіпті қожайыны қызба болса, қол көтеру жағдайлары да орын алуы ғажап емес-тін. Міне, сол сияқты келеңсіздіктердің алдын алу үшін, әрі, қожайынның да құқы мен ақысын қорғау мақсатында Пайғамбарымыз (с.а.у.) «құлға қашуға болмайды» дегенді ұқтыру ниетімен - «намазы босқа кетеді» деп отыр. («Сахих Мүслім», №10 хадис). 

Ал енді, «намазы босқа кетеді» деген сөздің мәні: «намазы толық болмайды», «намазының сауабы кемиді» деген ұғымда айтылған. Осылай деу арқылы құлдың оны қамқорына алған қожайынынан қашудың дұрыс еместігін ұғындырып тұр.

Ал сұрақта айтылған жазбадағы «күйеуіне наразы болған әйелдің намазы босқа кетеді» дегенге келсек, бұл жерде «наразы әйел» деп - қанағатсыз, әр кезде күйеуінің миін жеп отыратын, берекесіз әйел жайында айтылып тұр. Ол кімге болса да түсінікті. Оның астарында «ондай әйел болмаңдар» дегенді ұқтырып тұрғандығы белгілі. Ал «намазы босқа кетеді» дегені болса, намазының сауабы кемиді дегенді білдірмек. 

"Құл иелену керек" деген дінімізде бірде-бір бұйрық жоқ".

Қорыта айтқанда, Жаратушы Иеміздің пенделеріне жіберген хақ діні Ислам дінінде адам баласы азат туылады, азат өмір кешуі керек. Сондықтан да, "құл иелену керек" деген дінімізде бірде-бір бұйрық жоқ. Ал көне замандағыдай құл иеленушілік қоғамның қанына сіңіп кеткен шақта Ислам діні қожайын мен құлдың арасында үкімдер реттеп, құлды «бауыр» ретінде көруді үйретті және өзара міндеттемелер қолданысқа енгізді. Соның бірі, қожайыны қолындағы құлына жақсы қарауы керек болғаны секілді, құлға да оның айтқанын істеу міндеттелді. Оның де өзіндік себебі жоқ емес. Айталық, қожайынға қарасты «құлға бүйт, сөйт, оған олай істеме, былай істеме» деп бұйрып тұрып, алайда құлға ешқандай міндеттемелер жүктемей, бетімен жіберуі, сол заманда - қожайынға жасаған әділетсіздік болар еді. Өйткені, қожайыны оны ішкізеді, киіндіреді, үйін паналатады, сөйте тұра, құлға ешқандай міндеттемелер жүктемеуі - қазіргі заманда «мәшинеңді жөнде, жуып-шай, жақсы қара, бірақ, мінбе» дегенмен теңдей қабылданар еді. Сол себепті, Пайғамбарымыз (с.а.у.) құлға да кейбір міндеттемелер жүктеді. Сондай, міндеттемелердің бірі - азаттығын алмай тұрып «қожайынынан қашпау» міндеті еді. Сондықтан да, Алла елшісі: «азаттығын алмай қашып кеткен құлдың намазы қабыл болмайды» деп отыр. Ақылға салып, астарына ұңіліп қарайтын болса, дініміздің қойған әрбір үкімінің ақылға қонымды екендігі пайымы бар әр адамға түсінікті.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым