«Мұсылманша амандаспау керек, қазақша амандасу керек» деп жататындар бар. Осыған не дейсіз?
«Мұсылманша амандаспау керек, қазақша амандасу керек» деп жататындар бар. Осыған не дейсіз?
5 ай бұрын 1830

Әссәләмуғалейкум! «Мұсылманша амандаспау керек, қазақша амандасу керек» деп жататындар бар. Осыған не дейсіз? Ермек.

 

Әлхәмдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Құрметті сауал жолдаушы, өзіңіз айтқандай «мұсылманша амандаспау керек, ата-бабамыз олай амандаспаған» дейтіндер, негізінде Кеңес кезінде өмір сүрген ата-бабасын айтып тұрса керек. Өйткені ол заманда мұсылман дініне қатысты барлық нәрсені, не өзгерткен, не болмаса, мүлдем қолданыстан шығаруға тырысқан. Ал, кеңес кезеңінен бұрынғы ата-бабамыз мың жыл «ассаламуғалейкум» деп, мұсылманша амандасып келді.

Одан бөлек, «армысыз», «сау-саламатсыз ба», «сәлеметсіз бе», «сәлем» т.б. амандасу тәсілдері бары анық, дегенмен, бұл дегеніміз мұсылманша амандаспау керек дегенді білдірмейді. Мұсылманша амандасуды бізге Мұхаммед пайғамбарымыз үйретті (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Исламнан бұрын арабтар олай амандаспаған еді. Мұсылман діні келіп, арабтардың өздеріне «әссәләмуғалейкум» деп амандасуды үйретті. Демек, «ассаләмуғалейкум» деп амандасу, белгілі бір ұлтқа ғана тән амандасу сөзі емес, бұл - исі мұсылман жұртшылығына ортақ амандасу түрі. Сол себепті, мұсылманша амандасуды мансұқтауға тырысатындардікі жәй еріккендік. Мансұқтауға еш себеп жоқ. Неге десеңіз?

Біріншіден - біз, мың жыл мұсылманбыз. Мұсылман адам мұсылманша амандаспағанда, қалай амандасуы керек? «Мұсылманша амандаспа» деп мұсылман еместер ғана айтады.

Екіншіден - мұсылманша амандасу сөзі, тек, сәлемдесу сөзі ғана емес, ол - «дұға-тілек» те болып саналады. «Ассәләмуғалейкумның» мағынасы: «сізге Алланың есендігі» болсын дегендік. Оған «...уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ» сөзін қоссаңыз, қарсыңыздағы адамға: «сізге Алланың есендігі мен Алланың мейірімі және берекесі болсын!» деген боласыз. Мұның қай жері жаман?

Үшіншіден - «мұсылманша амандасу қазақта болмаған» деушілер, негізінен алып қарағанда, қазақтың болмысын және ұлт ретінде дүниетанымын түсінбейтін адамдар дер едім. Қазақ халқында «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», «жақсы нәрсе көрмекке» деген сөздер бар. Бұл дегеніміз, жақсы нәрселерді қабылдауға ашықпыз, ал жаман нәрселерге жабықпыз деген ұғымда. Ал енді мұсылманша «ассаләмуғалейкум» деп амандасудың қай жері жаман? Оның үстіне, мұсылман елміз. Бөтен діннің әдеті болса, бір жөн. Мұсылман ел болып тұрып, мұсылманша амандасудан жиренуіміз, қай сасқанымыз?! 

«Ассаләмуғалейкум» деп басталған қаншама өлең, жырлар біздерге жеткен! Мысалы, ескіден қалған «жарамазан» жырын алып қарасақ: Ассалаумағалейкум дәуіт қалам!
Күн шығыс, күн батыстан келген адам.
Бір келген он екі айда оразаңыз
Оразаң қабыл болсын байекежан!
...»
- деп басталады.

Тағы бір нұсқасында:

«Ассалаумағалейкум, мантассалам (*әнтәссәләм). 
Алланың рахметі жүз мың ғалам...» - деп жырланады. Бұлай ата-бабамыз жырламағанда, кім жырлаған сонда? Осындай өлең, жырлар тұрғанда ата-бабамызда болмаған деп қалай айта аламыз? 

Сондықтан да, «ата-бабамызда ондай болмаған», «ата-бабамыз олай амандаспаған» деушілерге: «біз ата-бабамызды кеңес өкіметімен немесе бұрынғы «сақ пен «ғұн» кезеңіндегі ата-бабамыңызбен шектемеуіміз керек» дер едім. Бұл екеуінің арасында шамамен мың жылдық мұсылмандық тарихымыз да жатыр. Оны мансұқтай алмайды ешкім. Қожа Ахмед Яссауи, Арыстан баб, Әл-Фәрәби, Баласағұни, Игүнеки т.б. түркістан аймағынан шыққан тұлғалардың бәрі, қазақ мемлекеті қалыптасқан кезеңде қазақ халқы өзін мұсылман елі ретінде әлемге танытып қойғандығын көрсетеді. Сондай-ақ, бұл елді мұсылман ата-бабамыз құрды. Мұсылман ата-бабамыз жаудан қорғады. Сол жолда, қаншамасы шейіт кетті. Сол себепті, "ассаләмуғалейкум деп ата-бабамыз амандаспаған" деу, керісінше, мұсылманмын деп өткен ата-бабамыздың әруағына теліген жала болады.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 

Абдусамат Қасым