Көшеде біреудің дінге теріс бір әрекет істеп тұрғанын көрсек, оған айтып ескерту жасауымыз керек пе?
Көшеде біреудің дінге теріс бір әрекет істеп тұрғанын көрсек, оған айтып ескерту жасауымыз керек пе?
3 жыл бұрын 3212

Ассаләмуғалейкум! Көшеде, жұмыс орнында т.б. жерлерде дінге қайшы бір іс көрсек, оны барып ескертіп, одан қайтаруымыз керек пе? Мысалы біреу сыра ішіп тұрса немесе темекі шегіп тұрса т.б. Рақмет. Абдулла.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә баракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, бір әрекетті көрген мұсылман қолынан келіп тұрса «әмір мағруф» жасап, оны ондай істен тыйып, жұмсақ сөзбен насихат айтқаны жақсы. Діннің үйреткен тағылымы солай. Бірақ көрген әр күнә іске ескерту айту - әркезде мүмкін бола бермеуі мүмкін. Сондықтан, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде былай деп кеңес береді:

من رأى منكم منكراً فليغيره بيده، فإن لم يستطع فبلسانه فإن لم يستطع فبقلبه وذلك أضعف الإيمان

«Сендерден кімде-кім бір ұнамсыз әрекет көрсе, оны қолымен өзгертсін. Оған шамасы келмесе, тілімен (сөзбен айтып) өзгертсін. Оған да шамасы келмесе, жүрегімен (ол істі жек көрсін). Ол нәрсе – иманның ең әлсізі»[1] - деген.  

Ертеректе өмір сүрген Ханафи ғалымдарының бірі Әбу Ләйс әс-Самарқанди (рахимаһуллаһ) ондай мәселеге байланысты былай деп жол көрсеткен:

Бір кісі әлдебір ұнамсыз (күнә іс) көрсе, қарайды:

  • Егер күнә істеушіні күнәдан тыйған жағдайда, ол оның тыйымына құлақ асатындығын біліп тұрса, үндемей қалуы дұрыс емес. Ондай жағдайда оған қызбаланбай, оны қас көрмей, жұмсақтықпен, насихат айта отырып ескерту айтқаны жөн.
  • Егер ондай істі істеушілер мұның ескертуіне құлақ аспайтындай халде болса, онда оған үндемей қоя салуына рұқсат. Әйтсе де, күнә екенін ескертіп, тыйым айтуы абзалырақ, ол үшін сауап алады.
  • Ал егер, күнә істің күнә екен айтып, ондай істен тыйған жағдайда, олар бұған тіл тігізетіндей немесе қол жұмсайтындай атмосфера болса және олардан келуі ықтимал зияндыққа төзе алмауынан қорықса, үндемей, оларды өз халдеріне қалдырғаны абзал.
  • Ал бірақ, олардан келуі мүмкін зияндыққа шыдаймын деп, ештеңеге қарамастан істеп тұрған күнә істерінен тыйса, ол адам Пайғамбарлардың (عليهم السلام) ісін істеген болады[2].

[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №49.
[2] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Ъуюниль Мәсәил». 220-221 бет.

Абдусамат Қасым