Исламды қабыл еткен бөтен діндегі адамның сүндетке отыруы керек пе?
Исламды қабыл еткен бөтен діндегі адамның сүндетке отыруы керек пе?
5 жыл бұрын 3247

Әссәләмуғалейкум! Орыс мұсылман болғысы келсе, кестіру керек пе? Заурбек

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам дінінде сүндетке отыру маңызды рәсімдердің бірі саналады. Ол үрдіс – мұсылманшылықтың бір белгісі ретінде есептеліп келкен. Тіпті, әлдебір мұсылман елді-мекенде бұл амал тәрк етіліп, ұмыт қалған болса, өкімет ол амалдың қайта жандануын міндеттеуі тиіс. Ханафи мәзхабында үкімі – мүәккәт сүннет. 

Исламды қабыл еткен адамға сүндетке отыру міндеті жүктелмейді, тілін кәлимаға келтіргеннен кейін, ол – мұсылман[1]. Бұған байланысты, Хасан әл-Басридің мынадай сөзі кітаптарда келтірілген:

«Пайғамбар заманында адамдардың қарасы да, ағы да (қара нәсілдісі, ақ нәсілдісі) мұсылман болып жатты. Олардың ешқайсы зерттеліп, тексерілмеді де, сүндетке отырғызылмады»[2].

Әйтсе де, мұсылманшылыққа өткен ер кісіге зияны болмаса, сүндетке отырғандығы ұнамды әрекет екендігін айта кету керек. Тазалық тұрғысынан болсын, денсаулық тұрғысынан болсын, абзал іс. Алла елшісі жаңа мұсылман болған бір адамға «ألق عنك شعر الكفر واختتن – Күпірлік шашын алып таста және сүндетке отыр» дегендігі кейбір әлсіз риуаятта келтірілген[3]. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ханбали мәзхабында «мұсылман болған ер кісінің сүндетке отыруы» уәжіп деген.
[2] Ибн Құдама: әл-Муғни. 1/70 бет.
[3] Әбу Дәуід: Сүнән. №356 хадис. Мұндағы шаштан мақсат – өзге діндегі, кәпірлерге тән ерекше шаш үлгілері айтылуда. Мысалы, қазіргі таңда батыс елдерінде Исламмен ұштаспайтын біртүрлі шаш үлгілері пайда болған.

Абдусамат Қасым