«Егер үйде бірнеше Құран кітабы болса, оның әрқайсысын оқып, ақысын беру керек пе?»
«Егер үйде бірнеше Құран кітабы болса, оның әрқайсысын оқып, ақысын беру керек пе?»
2 жыл бұрын 2833

Ассалаумағалейкүм уа рахматуллахи уа баракатуһ! Ұстаз егер үйде 1-ден артық Құран кітабы болса, оның әрқайсысын оқып ақысын беру керек па? Бауыржан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Үйде бірнеше Құран кітабы болса, оның әрбірін жеке оқып тұру шарт емес. Бір Құранды оқу арқылы, өзгелері де оқылған болып саналады. Өйткені оның бәрі бір Құранның нұсқалары. Ал, егер әр кітапты жеке-жеке оқып тұру керек десек, жүздеген Құран кітап сақтайтын дүкен иелері мен мыңдаған Құран шығаратын баспахана иелері не істемек? Шариғатта ондай бір міндеттеме қойылмаған. Сондықтан да, бір Құран кітапты оқу арқылы, қолыңыздағы өзге Құран кітаптарын да оқыған болып саналасыз.

Әдет бойынша, әрбір мұсылманның үйінде өзінің күнделікті оқып жүрген көзіне үйреншікті Құран кітабы болады. Одан бөлек бірнеше Құран кітабын үйде сақтағанның әбестігі жоқ. Бірақ құр босқа тұрғаннан гөрі балаларыңыз бен жұбайыңызға Құран оқуды үйретіп, артық Құран кітапты соларға сыйлаған жақсы. Не болмаса, Құран оқи алатын біреуге берген абзал. 

Алла тағала баршамыздың отбасы, бала-шағамызды Құран нұрымен арайландырсын!

Абдусамат Қасым