Беттегі сақалы қалың болса, дәрет алғанда бетті қалай жуу керек?
Беттегі сақалы қалың болса, дәрет алғанда бетті қалай жуу керек?
4 күн бұрын 524

Ассаламуғалейкум! Сақалды да бетке жатқызады деген рас па? Дәрет алғанда сақалды жумаса дәрет дұрыс емес санала ма? Миг.

Бисмилләһир рахмәнир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қалың сақалы бар мұсылман дәрет алғанда не істейді, дегенге қатысты Имам Ағзам Әбу Ханифадан екі пәтуа жеткен.

Бірінде: «басқа мәсіх тартқандай, бетті жауып тұрған сақалдың да төртте біріне мәсіх тартады» десе,

Екінші бір пәтуасында: «(мәсіх емес) сақалдың беткі жағы жуылу керек» дейді. Ең дұрысы – осы екіншісі1.

Ендеше, қалың сақалы бар мұсылман дәрет алып жатып бетін жуған кезде, бет терісін жауып тұрған қалың сақалдың үстінен жуып өтуі жеткілікті, оның астындағы теріге су өтуі шарт емес. Десе де, сүннет бойынша ондай кезде сақалын саусақтарымен тарамдағаны жақсы амал.

Бұл айтқандарымыз қалың сақалы барларға қатысты. Ал астындағы терісі көрініп тұратындай сирек сақалы барлар дәрет алғанда судың теріге өтуіне мән бергендері жөн. Бұған қатысты Ханафи ғалымдары:

«Қалың сақалдың беткі жағын жуу - парыз. Ал, сирек сақалдың астындағы теріге су жеткізу - парыз» - деген2.


 1) Мулла Алиуюль Қари: «Фәтху Бәбиль Ъиная», 1/25 бет.
2) Имам Шүрунбүләли: «НурульИзах», 21 бет. - Фаслун фильуду

Абдусамат Қасым