Дінде әскери борышын өтеу парыз ба?
Дінде әскери борышын өтеу парыз ба?
4 жыл бұрын 5472

Әссәлямуағалейкум! Әскери борышын отеу парыз ба? Арсен.

 

Уағалейкумуссəлəм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Исламда Әмірге итағат - парыз. Егер басшы сондай заң шығарған болса, бағыну керек. Оның үстіне, отан қорғау баршаның міндеті. Ол үшін әскери дайындық ләзім.

Әскери жасақсыз мемлекет жоқ. Отанды, елдің тәуелсіздігін және халықты қорғау үшін әскери күштің зәрулігі даусыз. Онсыз мемлекет ұзаққа бармайды. Алла Тағала біздерге, яғни, мұсылмандарға барынша әскери күшімізді арттыруды бұйырған. Құран Кәрімде Жаратушымыз былай дейді:

وَأَعِدُّوا لَهُم مَّا اسْتَطَعْتُم مِّن قُوَّةٍ وَمِن رِّبَاطِ الْخَيْلِ تُرْهِبُونَ بِهِ عَدُوَّ اللَّهِ وَعَدُوَّكُمْ

«Шамаларың келгенше (әртүрлі) күш-қуат пен (соғысқа мінетін) ат байлаумен әзірлік жасаңдар. Онымен Алланың және өздеріңнің дұшпандарыңды қорқытасыңдар»[1].

Осы аятта «күш-қуат» сөзін мықты әскери жасақ деп түсінсек, «ат байлау» сөзінен түрлі қажетті әскери техникамен қамтамасыз етілуіміз керек екендігін ұғынамыз.

Қорыта айтқанда, діни тұрғыда әскери борышты өтеу міндет. Әрине, егер заң аясында кейбір әскери борышын өтеуден босатылатын жеңілдіктерді пайдаланып, әскерге бармай жатса, оның күнәсі жоқ.  Мысалы, жоғары оқу орнында білімін жалғастыру, отбасылық жағдай, денсаулығының жарамсыздығы т.б. жеңілдіктер заңда қарастырылған.


[1] Құран Кәрім: «Әнфәл» сүресі, 60 аят.

Абдусамат Қасым