Ассаламуғалайкум! Кейбір адамдар өз қалаларын мақтап былай дейді, мысалы, «Алматы - жер жәннәті» деген сияқты. Олай айту күпірлік бола ма, немесе күнә бола ма? Жәннәт деген ол мәнгі өмірде ғой, осы дүниеге сол сөзді айту күпірлік пе?
|
«Алматы – жер жәннәты» деп айту күпірлік пе?
|
Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
«Алматы – жер жәннәты» немесе «жәннәт сияқты жер екен» деп айтудың діни тұрғыдан ешқандай әбестігі жоқ.
Мұндай теңеулер тілде «мәжәзи» (ауыспалы/метафора) мағынада қолданылады. Яғни, адамдар бір мекеннің әсемдігі мен көркемдігін жеткізу үшін оны өз түсінігіндегі ең биік, ең таза және ең керемет орынға – Жәннәтқа теңеп жатады. Бұл күпірлікке жатпайды. Мысалы, біз кішкентай сәбиді немесе адал жанды «періштедей пәк» деп айтамыз. Ол жердегі мақсат – адамды періште (нұрдан жаратылған жаратылыс) деп санау емес, оның бойындағы қиянаттан ада, пәк қасиеттерін баса көрсету.
Алайда, мынаны қаперде ұстаған жөн: пейішке (Жәннәтқа) дүниенің ешбір мекені тең келмейді. Қасиетті аяттарда баяндалғандай, Жәннәт – адам баласының ақылы жетпейтін, ой-қиялынан тыс әсемдік пен таңғажайып нығметтерге толы мекен. Сондықтан да, мұндай теңеулер айтқанда осыны да қаперде ұстаған жөн.
islam.kz