Әлеуметтік желіде «смайлик» жіберу харам дейді. Осы қаншалықты рас?
Әлеуметтік желіде «смайлик» жіберу харам дейді. Осы қаншалықты рас?
9 жыл бұрын 15346

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уа баракатуһ!

Вацап желісіндегі «смаиликтерді» қолдану харам ба? Естуім бойынша, ертең ақіретте Алла сол бейнелерді тірілт дейді екен. Сол үшін смайликтерді харам деп жүр. Менің ойымша, ол тірі жан емес. Оларға қалай дәлелмен түсіндірсем болады? Жəния.

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уа баракатуһ!

Құрметті Жәния, Ислам ғалымдарының пайымдауынша, суреттегі жанды заттың тірі кезінде онсыз өмір сүре алмайтын бір ағзасын суреттен өшіріп тастаса яки суретті сол жерінен жыртып тастаса, ол сурет мәкрух (үкімінде) болудан шығады[1].

Деректерге қарағанда, Ханбали мәзһабының ғалымы Ибн Құдама  (м.1146-1223  ж.) өзінің  «әл-Муғни»  атты  фиқһ  кітабында:  «...бассыз құр денені немесе денесіз құр басты салған болса яки тірі заттың басын салып, қалған жеріне жансыз заттың бейнесін қой-са, хадистегі тыйымның шеңберіне кірмейді»,  ‒ деген[2].

Себебі хадис  кітаптарында Жәбірейіл періште Пайғамбарымызға (с.а.у.) үйінің есігіндегі ер кісілер кескінделген мүсіннің (немесе суреттің) басын кесіп, ал  суреті бар пердені төсеніш пен жастықтың тысы етуін айтқан[3]. 

Ханафи  ғалымдары  арасынан, Мұхаммед ибн Хүсәмуддин әл-Құһустәни есімді ғұламаның (ө.м. 1555 ж.) «Құр бастың суреті – мәкрух емес» деген сөзі  кітаптарда келтіріледі [4]. 

Сол себепті айтарымыз, әдепке теріс  келмейтін смайликтерді жіберу – суретке қатысты айтылған хадистегі тыйымның аясына кірмейді. Неге десеңіз, көбіне смайликтер денесіз келеді. 

Оның үстіне, Ханафи ғалымдары суреті бар заттарды қадірсіз жерлерде қолдануға рұқсат деген. Мысалы, төсеніш, жастық секілді[5]. Әлеуметтік желідегі смайликтердің ішкі эмоцияны білдіру құралы ретінде қолданылуында да қадірсіздіктің нышаны жатыр. Өйткені ешкім өзінің қадір тұтқан адамының суретін смайлик ретінде қолданбасы анық. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 2/418 бет; Ибн Құдама, «әл-Муғни»: Китабуль уәлима.
[2] Ибн Құдама, «әл-Муғни»: Китабуль уәлима.
[3] Тирмизи: Китабул Әдәб - №2806.
[4] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 2/416 бет
[5] Раддуль Мухтар – 2/416, 419 бет;  Хашиятут Тахтауи әл Ханафи  – 360 бет

Абдусамат Қасым