Үйдегі шыбын-шіркейді өлтіру күнә ма?
Үйдегі шыбын-шіркейді өлтіру күнә ма?
10 жыл бұрын 24437

Сұрақ: Ассалаумағалейкум! Ұсақ жәндіктерді (шыбын, өрмекші, қоңыз, құмырсқа, ара т.б.) өлтіруге, сондай-ақ құмырсқаның илеуін бұзуға дініміз не дейді? Ернат Тәукебаев.

Сұрақ: Сәлеметсіз бе? Үйдегі шыбын мен масаларды өлтіру күнә емес пе? Араның ұясын бұзуға бола ма? Шәмши Жанна.

Уағалейкумуссалам!

Шыбын-шіркей түрлі микробтарды таратушы. Сондықтан да, адам денсаулығына тигізер қауіптің алдын алу мақсатында оларды өлтіруге рұқсат етіледі. Хадисші Әбу Дәуід және Имам Бухариде келтірілген бір хадисте Пайғамбарымыз былай деген:

«Кімде кімнің сусынына шыбын түсіп кететін болса, онда оны батырып, кейін алып тастасын. Шындығында оның бір қанатында кесел, екінші қанатында оның емі бар».[1]

«Ғаунуль Маъбуд» атты еңбекте аталмыш хадиске түсініктеме беру барысында: «Бұл хадис шыбындардан келетін залалдың алдын алу мақсатында оларды өлтіруге болатындығына ашық дәлел»[2], – дегенді айтып өтеді. Демек, үйдегі шыбын-шіркейлерді өлтіруге шариғат рұқсат береді.Оған жоғарыдағы хадис дәлел. 

Одан бөлек, себептен-себепсіз құмырсқаның илеуін бұзып, құмырсқаны немесе араны өлтіруге Алла Елшісі тыйым салған. Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша, Ол (с.а.у) төрт жәндікті өлтіруден тыйған. Олар: құмырсқа, ара, көкек, тағанақ[3].

Десе де, құмырсқа мен ара адамдарға жайсыздық туғызып, олардың келтірген қолайсыздығын тек өлтіру арқылы ғана жоюға болатын болса, онда оларды өлтіруге рұқсат4]. Мәселен, ара үйдің кіре берісіне ұя салып тастап, адамдардың үйге кіріп-шығуы қиындап кетсе, яки үйдің іші құмырсқаға толып кетсе т.б.

[1] Бухари, «Китабу бүд’иль Халқ», №3142-хадис.; Әбу Дәуід, «Китабуль Атғима», №3844-хадис. Сахих.
[2] Мұхаммад ШәмсульХаққ әл-Азым Әбәди, Ъаунуль Маъбуд, №3844 – хадис түсіндірмесі.
[3] Әбу Дәуід, «әбуәбун Нәум», №5267-хадис. Сахих.
[4] Мұхаммад ШәмсульХаққ әл-Азым Әбәди, Ъаунуль Маъбуд, №3844 – хадис түсіндірмесі; Бахрур Раиқ - 8/375 бет.

Абдусамат Қасым