Су перілері (русалка) расында бар ма? Исламда ол жайында не айтылған?
Су перілері (русалка) расында бар ма? Исламда ол жайында не айтылған?
1 ай бұрын 2529

Су перісі, русалка дегендер рас па? Али.

Әлхамдулиллә. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Су перілері жайында көптеген ұлттардың ертегі-қиссаларында айтылады. Әр ұлттың су періге берген сипаттамасы әртүрлі болуы мүмкін. Көбінде су перілерін сипаттағанда - денелерінің белге дейінгі жері адам, белден төменгі тұсы балық және шашы ұзын хас сұлу болып келеді деп сипатталады. Алайда кейбір халықтардың нанымында су перілерінің белден төмен тұстары балық тәріздес болулары шарт емес. Мысалы, «мың бір түн» кітабында «Жүлнар (Гүлнар) теңіз қызы» атты хикаясында су түбінде өмір кешетін жаратылыстар, яғни, су перілерін кәдімгі адамдар ретінде сипаттайды және олар теңіз түбінде еркін өмір кеше алатыны секілді, құрлықта да еркін жүре алатын қасиетте болғандары суреттеледі. Әрине мұның бәрі жәй ғана хикая.

Исламда не делінген?

Дәл біздің түсінігіміздегі су перілерінің бары жайында Ислам дінінің дереккөздерінде айтылмаған. Бірақ теңіз-көлдерді мекен ететін жындардың бары жөнінде хадистерде білдірілгендігі рас. Әзіреті Біләлден (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.): "мұсылман жындардың мекен етер жерлерін - қалалар мен таулар, ал мүшрік жындардың мекен етер жерлерінің - теңіздер мен таулардың арасы" деп белгілегендігі айтылған1. Осыдан келіп, теңіз-көлдерді мекен ететін жын-перілердің барын түсінеміз.

Қасиетті Құран Кәрімде де теңіз түбінен інжу-маржандар шығаратын «сүңгуір жындардың» бары айтылады. «Сод» сүресі, 37 аятында былай делінеді:

وَالشَّيَاطِينَ كُلَّ بَنَّاءٍ وَغَوَّاص

«Және (Сүлейменге) барлық құрылысшы шайтандар мен сүңгуір шайтандарды бағындырдық»2.

Аталмыш қасиетті аятта теңіз түбіне сүңгитін суңгуір жын-шайтандардың барын ұғыну қиын емес. Алайда, бұлардың бейнелері мен дене-бітімдері қандай болғандығы діни дереккөздерде суреттелмейді.

Қорыта айтқанда, суды мекендейтін және теңіз түбінде еркін жүзіп жүре алатын жын-шайтандардың бары рас, бірақ оларды халық түсінігіндегі адам тәріздес «су перілеріне» (русалкаларға) теңеу күмәнді. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

Абдусамат Қасым


1 Табарани, Әбу Шәйх және Әбу Нәъим келтірген. Әлсіз риуаят.
2  Құран Кәрім, «Сод» сүресі, 38 аят.