Қиямет күні есеп-қисап адамдардың алдында алына ма? Күнәсі өзгелерге паш етіле ме?
Қиямет күні есеп-қисап адамдардың алдында алына ма? Күнәсі өзгелерге паш етіле ме?
17 күн бұрын 1998

Ассаламуалейкум! Ақыретте күнәһарлардың күнәлары басқаларға көрсетіле ме?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құранның кейбір аятына қарағанда Қиямет күні Алла Тағала залымдар мен кәпірлерді көпшіліктің алдында жауапқа тартады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сол күні Ол бәрін жинап, періштелерге: «Осылар ма, сендерге табынған?!» дейді». («Сәбә» сүресі, 40).

Аталмыш аяттың тәпсірінде Имам Кәсир (рахимаһуллаһ) былай деп өтеді:

«Құдай Тағала қиямет күні бүкіл халықтың алдында мүшріктердің бетіне (күнәларын) басады...»1.

Демек, о дүниеде кәпірлер мен мүшріктерді және кісі ақысын жеуші залымдар мен ауыр күнә жасап өткендерді бүкіл жұрттың көзінше жауапқа тартады екен. Ал Құдайдың тыйғанынан тыйылып, бұйырғанын орындауға тырысып жүрген, күнә істесе де артынан тәубе ететін және кісі ақысын жемеген, ауыр күнәлардан ұзақ тұратын, күнәсінан гөрі сауабы көп мүміндерді Алла Тағала жеке сұраққа алады, оның күнәсін адамдардың көзінще бетіне баспайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір сахих хадисті келтірелік:

«Қиямет күні мүмін пенде Раббысының қасына жақындатылып, (Оның) мейіріміне бөленеді және былай деп күнәләрын мойындатады: «Мына күнәні білесің бе (мойындайсың ба)? Мына күнәні білесің бе (мойындайсың ба) ? дейді. Пенде: «Раббым Алла, білемін (мойындаймын)» дейді. Сонда Алла Тағала оған: «Шынында, мен сенен ол күнәларды өткен дүниеде (елге шерменде қылмай) жасырған едім, ал енді бүгін оларды кешіремін» дейді. Сөйтіп оған ізгілік істерінің дәптері беріледі. Ал кәпірлер мен мұнафиқтарға жұрттың көзінше: «Мыналар Алланы өтіріксінгендер» деп дауысталады»2 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


Ибн Кәсирдің тәпсірі, «Сәбә» сүресінің тәпсірі.
Бұхари, Мүслім.

Абдусамат Қасым