Қазақтың «жеті қазына» ұғымына қатысты дін не дейді?
Қазақтың «жеті қазына» ұғымына қатысты дін не дейді?
5 жыл бұрын 15174

Ассаламуғалейкум Ұстаз, жеті қазына жайында бір екі ауыз айтып жібересіз бе, шариғатқа қатысы бар ма? Нұрлыбек Ильясов  

Уағалейкумуссəлəм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жеті қазына дегеніміз, қазақтың дәстүрлі дүниетанымында қалыптасқан түсінік. "Жеті байлық" деген сөз. Ол ұғымның əлдебір наным-сенімге қатысы жоқ. Ертедегі тұрмыс-тіршілікке қатысты айтылған дүние. Шариғат негіздеріне қайшы деуге келмейді.

Жеті қазынаға не жатады:

1. Жүйрік ат (жігіттің қанаты). Пайғамбарымыз: «Төрт нәрсе дүние бақытынан» деген. Соның бірі: «Жанға жайлы мініс» екендігін айтып өтеді[1].

2. Қыран бүркіт (қуаты).

3. Құмай тазы (сенімді серігі). Бұрындары қыран бүргіт пен құмай тазыны аң аулауға қолданып, осылайша күнделікті ішім-жемін, қыстық киім-кешегін қамтамасыз етіп отырған. Шариғатта қажет кезде үйретілген азулы итті немесе тырнақты құсты салып, аң аулауға рұқсат етілген. Ол жайында Қасиетті Құранның "Ма’ида" сүресінде айтылады: "...Және Алланың сендерге білдіргеніне сай, азулы аңдар мен тырнақты құстардан өздерің үйреткендеріңмен аң аулау да халал. Олардың сендерге ұстап бергенін жеңдер. Тек, аңға саларда, Алланың есімін атап тұрып, қосыңдар. Құдайдан қорқыңдар. Тегінде, Алла есепке тез алады"[2].

4. Берен мылтық.  

5. Қақпан.

6. Ау.

7. Кездік.

Бүгінде заманның өзгеруіне байланысты бұлардың біршамасы көбіне салт-дәстүр ретінде қаралғанымен, әлі де қазақтың салт-санасында ержігітте болуы тиіс қажетті құралдар ретінде құндылығын сақтауда. 

[1] Имам Ахмад. Мүснәд.
[2] Мәида сүресі, 4 аят. Аяттың басы: «Ей, Мұхаммед! Олар сенен не нәрселерді жеуге болатыны туралы сұрайды. Сен айт: «Таза нәрселердің бәрі сендерге халал етілді..." деп басталады.  

Абдусамат Қасым