Пайғамбарымыз (с.а.у.) түсімізге кіріп, бір істі бұйырса оны орындауға бола ма?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) түсімізге кіріп, бір істі бұйырса оны орындауға бола ма?
2 жыл бұрын 3286

Ассаляму алейкум, ұстаз! Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) түсімізге кіріп бір істен тыйса немесе шақырса, айтқанына сай амал етуге бола ма? Естуім бойынша адам түсінде көрсе одан үкім алынбайды екен. Нұрлыбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам ғалымдары түс арқылы шариғи үкім бекітілмейтіндігін айтқандығы рас. Өйткені шариғи үкімнің басты қайнаркөздері төртеу: Құран, сүннет (хадис), ижмә және қияс. Сол себепті, түсінде көрген аяндардан шариғи үкім шығарылмайды. «Түсінде көргенді нақты деп кесіп айта алмаймыз, және де түс әлдебір бекітілген сүннет амалды жоя алмайды, онымен сүннет амалы бекітілмейді, бекітілген де емес, ғұламалардың ижмасы осылай» деген Қазы Айяз (р.а.)1.

Ал енді, түсінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір істен тыйса, немесе бір іске бұйырса, не істемек керек?

Бұған қатысты Имам Шәтыйби (р.а.) былай деген:

«Түсінде Алла елшісінің (с.а.у.) түс көрушіге әлдебір үкім білдіргенін көрсе, оны да қарау керек: егер түсінде білдірілген үкім шариғатына сай болса, үкім - бекітілген бойынша. Ал түсінде білдірілген үкім шариғатына теріс болса, ол ақылға сыйымсыз. Өйткені Оның (с.а.у.) тірісінде бекітіп кеткен шариғат заңын, қайтыс болғанынан кейін күшін жоюы мүмкін емес...»2.

Сондай-ақ, Имам Нәуәуи бұған байланысты былай деген:

«Түсінде пайғамбар (с.а.у.) бір мұстахаб істі істеуін бұйырса немесе дінде тыйым салынған бір істен тыйса, яки, әлдебір изгілік іске бағыттаса, ондай жағдайда түсінде білдірілгеніне сай амал етуі құптарлық іс екендігі талассыз...»3 -

- дейді ғұлама.

Демек, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түсімізде әлдебір істі істеуді бұйырып, әлдебір істен тыйған болса, оның шариғатта бекітілген үкімдерге сай немесе сай еместігіне қарайды екенбіз. Тақырымызға байланысты деректерде мынадай бір оқиға баян етіледі:

Бір кісі түсінде Пайғамбарымызды көріп, Ол (с.а.у.) оған: «Пәлен жерге барып, сол жерді қаз, ол жерде қазына бар. Оны өзіңе ал. Саған оның бестен бірін (зекетке) өтеу қажет емес» депті. Әлгі адам түсінде білдірілген жерге барып, қазып қараса, шынында да қазына жатыр екен. Ол қазынаны алып, ал бестен бірін төлеу жөнін ғұламалардан сұрапты. Сонда ғұламалар оған «түсің рахмани түс, түсте айтылғанға сай бестен бірін зекетке берудің қажеті жоқ» депті. Бірақ сол заманда өмір сүрген ғұлама Изз ибн Абдуссәләм болса: «Оның түсінде көргені ең көп болса «сахих хадис» деңгейінде болатын шығар. Олай десек те, онысы одан «сахихырақ» басқа бір хадиске теріс келіп тұр. Ол хадисте: «(Табылған) қазынада бестен бірі (зекет) бар» - делінген» дейді де: «тапқан қазынасының бестен бірін (зекет ретінде) беруі керек» деп байлам жасаған екен4.


1) Имам Нәуәуи: «Шәрху Мүслим».
2) Хисәмуддин Афәнәһ: «Фәтәуә».
3) Имам Нәуәуи: «Шәрху Мүслим».
4) Зәрқани: «ШәрхульМуатта», (islamweb net)  

Абдусамат Қасым