Өлгеннен кейін денесін ғылым жолында пайдалануға рұқсат берудің діни тұрғыда үкімі қалай?
Өлгеннен кейін денесін ғылым жолында пайдалануға рұқсат берудің діни тұрғыда үкімі қалай?
2 жыл бұрын 2104

Әссәләмуаләйкүм! Кейбір адамдар өзінің өлгеннен кейінгі денесінің ғылым жолында пайдаланылуына рұқсат беріп жатады. Осыған шариғат не дейді? Рахмет. Ғани Тұрысбекұлы.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Адам өлер алдында өзінің кейбір ағзаларын донорлыққа өсиеттеп кетуіне болады, бұл ол үшін сауап. Алайда, қазіргі дін ғалымдары, атап айтсақ шейх Юсуф әл-Қардауи өлгеннен кейін түгелдей денесін ғылым жолында пайдалануға табыстау діни тұрғыда құпталмайтын іс дейді[1].

Себебі, адам дүние салғаннан соң жуылып, кебінделіп, жерленуі тиіс. Ал өлген денесін ғылым жолына табыстау деген, оны қалай болса, солай кескілеп, рәсуа етуге рұқсат беру деген сөз. Бұл адам денесіне деген құрметсіздік. Исламда адамның өлі денесі де құрметке лайықты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «өлген адамның сүйегін сындыру - тірідей сүйегін сындырғанмен тең» деген[2]. Тағы бір хадисінде: «Өлілерді (көзін ойып, құлағын кесіп) кескілеп қорламаңдар» - деп бұйырған[3]. Сондықтан да, кейбір ағзаларын донорлыққа беруге өсиет етуіне болады, ал түгелдей денесін ғылыми зерттеулер үшін табыстауға болмайды деуге негіз бар.

Осы тұрғыда кей кездері мәйіттің денесін зерттеуді қажет еттіретін жағдайлар туындауы мүмкін (вскрытие). «Мұндай кезде өлінің денесіне арнайы мамандар тарапынан хирургиялық зерттеу жүргізілуіне рұқсат» дейді қазіргі таңдағы дін ғалымдарының басым көпшілігі.  

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ғалымның «Шариғат және өмір» атты бағдарламаға берген сұхбатынан. (www aljazeera net)
[2] Әбу Дәуід: «Сүнән», №3207 хадис.
[3] Имам Табарани: «әл-Мұъжәмуль Әусат». Абдулла ибн Аббастан жеткен (р.а.)

Абдусамат Қасым